КГУ

Естай Беркімбайұлы (1873-1946)

   Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы (1868-1946) - ақын, әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі.

   Павлодар облысы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында туған. Анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым да әнші болған. Естай Беркімбайұлы олардан көптеген жыр, дастан, толғаулар үйренген. Әнге деген құмарлығы 7-8 жасында-ақ байқалған. 16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмытылмастай әсер алады. Осы дидарласу болашақ өнерпазға үлкен шабыт береді.

   Сондай-ақ Естай Беркімбайұлы Жарылғапберді, Ақан сері, Балуан Шолақ, Сәтмағанбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда (Омбы, Қараөткел, Көкшетау, Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу атырабы, Алматы) ән салып, халыққа танымал болады. Естай Беркімбайұлы ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде белгілі болған. Оның әндері сал-серілер дәстүрін ілгері дамытты.

   Композитордың алғашқы туындысы - «Шолпан қаққан» әні. Оның «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Қорлан», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Ашу - пышақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Қаламқас», «Ғашық», «Қаракөз» әндері - қазақ музыкасының алтын қорына кірген. Ал классикалық «Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері Естай Беркімбайұлының есімін аңызға айналдырды. Бұл әндерді композиторлар М.Төлебаев «Біржан - Сара», Е.Брусилоский «Ер Торғын» операларында, С.И.Шабельский мен Л.М.Шаргородский қобыз бен оркестрге арналған концерттерінде пайдаланған.

   Естай Беркімбайұлы кеңестік дәуірде «Туды күнім», «Құрбылар», «Өмір», «Қоңыр жел» әндерін шығарды. Атақты музыка зерттеушісі А.Затаевич Естай Беркімбайұлы әндерін тұңғыш рет нотаға түсірген.

   Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Алматыға келіп, музыка зерттеуші әрі композитор Б.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртеді. Сол сапарында ол халық ақыны Жамбылмен кездескен. Ақын Қ.Аманжолов әншінің өз аузынан «Хорлан» әнін естіп, «Хорлағайын» атты драмалақ поэма жазған. Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 2-съезіне қатысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел арасында ән шырқап, халықты жеңіске жігерлендіреді. 1945 жылы ұлы ақын Абайдың 100 жыл толу тойына қатысып, Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартай ақындармен өнер сайысына түскен.

   А.Жұбанов пен Б.Ерзакович Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. Ақын М.Әлімбаев «Естай - Хорлан» поэмасын ақынның өміріне арнаған.

   Естайдың әншілігі, ақындық қабілеті ана сүтінен дарыған десе орынды. Оның анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым ауыл арасында ғана емес, кезінде Кереку өңірінде аттары әйгілі әншілер болған. Естай ат жалын тартып мінуге жарағаннан бастап қолына домбырасын алып, ән айтуға талаптанады. Той­жиындарға жиі барып, ақын, әнші, жыршылардың өнерлерін бойына сіңіріп өседі. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, Естай енді өзі де ән­жырдың, той­ думанның басы­ қасында болып, шамасы келгенше өнерін көрсетіп көптің көңілін аулайды. Оның әнге құмарлығы 7­8 жасында­ақ біліне бастайды. Ауылдағы Жақып деген молдадан арабша сауатын ашады, ара­тұра өлең жаттап, құрбы­құрдастарының арасында айтып жүреді. Бір күні өзімен бірге оқитын бала молдаға барып Естайдың ән айтатынын әңгімелейді. Молданың өзінің де аздап өлең жазатыны бар көрінеді, ол өнерпаз шәкіртін қолдап: «Өлең айтса айтсын, оның ризығы өлеңнен болар», ­ депті. Молда ұстазы Естайға өлең айтқызып, жаттықтырады. Қолына домбыра алып, шілдехана кезінде, басқа да халық бас қосқан жиын­ тойларда өлең айтады. Сөйтіп, талапты жастың атағы біртіндеп елге танылып, 15­16 жасында ауылдастарының құрметіне бөленеді. Ол ән айта жүріп, ата­бабаларымыздың музыкалық дәстүрін жалғастырады. Әншілікпен қатар, өз жанынан ән шығарушылыққа бет бұрады. Кәріқұлақтардың айтуынша, оның алғашқы шығарған әні «Шолпан қаққан» деп аталады. Естаймен ауылы аралас, қойы қоралас өмір сүрген Құсайынұлы Дауытжанның айтуынша, әннің оқиғасы былай болыпты: «Жазғы уақытта ораза ұстаған қарттар қой күзетіп жүрген Естайға: «Бізді шолпан жұлдызы туған кезде оят, сәресі ішейік», ­ дейді. Естай ораза ұстаған адамдардың үйінің жанына келіп, осы «Шолпан қаққан» әнімен оятқан екен.

   1946 жылы Естай қатты сырқаттанып, Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов ауылында қайтып, жерленді .

   Естай есімімен Павлодар қаласындағы көше және Ақтоғай ауданындағыкөше  қиылысы атанған.

   Естай кесенесі республикалық маңызы бар кесене болып саналады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 440 б. 
  2. «Айқын» Республикалық  қоғамдық-саяси  газеті. 24.06.2013ж.  Маssаget.kz. 05.11.2012.
  3. Нұралин Қ. Естай және оның әндері / Коммунизм нұры. 1988, 7 сәуір.
  4. Асайынов Б. Қазақстанның музыка мәдениеті. – Алматы, 1955. – С. 45.
  5. Мерғалиев Т. Домбыра сазы. Музыкалық-этнографиялық  жинақ. – Алматы, 1972. – .56.
  6. Дүйсембінова  Р.Қ.  Оқушыларға қазақ  халқының  өнері  арқылы  музыкалық -эстетикалық тәрбие беру. – Алматы, 1998. – 411 б.
  7. Сұлтанова  Н.К. Музыкалық  білім  берудің  тарихы  мен  теориясы/: Оқу құралы. – Семей. 2011. – 142 б.
  8. Амантайұлы Ж.: «Аллажар» өлеңдер жинағы 2008 ж
  9. Әміренов Е «Арнадым, ата, жырымды» өлеңдер жинағы. Павлодар 2008 жыл
  10. Естай.   Павлодар» ЭКО» ҒӨФ 2002 ж
  11. Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық «Аруна» баспасы Алматы 2005ж
  12. Мундуинов Е. «Ақтоғай  - алтын бесік» Павлодар ЭКО 2008 ж
  13. Садуақас С. М. «Ақтоғай –Ертіс аймағының әдебиеті. Оқулық хрестоматия. Кереку – 2009 ж
  14. «Сарыарқа самалы» газеті:  23 тамыз 2011ж,                 

ІС-ШАРАЛАР АФИШАСЫ

Барлық оқиғалар

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған