КГУ

Амангелді Қайырбайұлы Елтін

     Амангелді Қайырбайұлы 1949 жылдың 27 сәуірінде қазіргі Ақтоғай ауданы, Харьков ауылында дүниеге келді. 1970 жылы Павлодар мемлекеттік педагогика институтының математика факультетінде оқып, бұл оқу ордасын тәмамдаған соң, комсомолдық жолдамамен Краснокутск (Ақтоғай) ауданының Коминтерн орта мектебіне математика пәні мұғалімі ретінде қызметке қабылданады. Бір жыл өткен соң, аталмыш мектеп директорының орынбасары, 1973 жылы директоры болып тағайындалады. 1976 жыл мен 1985 жылдар аралығында аудан орталығындағы №2 мектебінде математика пәнінен жоғары сынып шәкірттеріне дәріс береді. Және аталмыш мектеп директорының орынбасары ретінде де қызмет жасайды. Бұдан соң, аудандық оқу бөліміне инспектор болып ауысады.

     1986 – 1995 жылдарда Абай атындағы №1 орта мектеп ұжымын да басқарып, аудан көлеміндегі тіректі де байырғы мектептің оқу – тәрбие жұмысын заман талғамына сай биік баспалдаққа көтереді. Бұл жылдарда аталмыш мектеп түлектерінің көбі жоғары оқу орындарына түсе бастайды. Мектепті «Күміс медальмен» бітіргендер де, республикалық пән олимпиадаларына қатынасып, жүлделі орындарды иеленгендері де болды.

     1995 – 2006 жылдарда Екібастұз қаласына қатысты Атығай орта мектебін басқарады. Соңынан №4 кәсіптік мектепте – әдіскер, С. Торайғыров атындағы №22 гимназия мектебінде математика пәнінен шәкірттерге білім-тәрбие береді. 2007 жылдан Павлодар қаласына қоныс аударып, №35 жалпыға бірдей орта дәрежелі білім беретін мектепте математика пәнінен оқушыларына неғұрлым сапалы білім беру жолында аянбай еңбек жасайды.

     Амангелдінің әкесі – Қайырбай да Ұлы Отан соғысына қатынасып, гитлерлік басқыншы жаудан ел тәуелсіздігін қорғаған. Ол сол қырғынды алапат соғыс жылдарында «Ерлігі үшін» («За отвагу»), ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бейбіт жылдарда да бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. Қазақтын тыңын игеру жылдарында партия ұйымының хатшысы, бөлімше меңгерушісі секілді қызметтерді де аброймен атқарып, 18 жыл үзіліссіз Ақтоғай ауылдық кеңесіне депутат болып сайланады.

   ... Ұзақ жылдар бойы мектептерде математика пәнінен шәкірттеріне сапалы білім – тәрбие бере жүріп, Коминтерн, Атығай және Ақтоғай ауданындағы №1 Абай атындағы №1 Абай атындағы орта мектеп ұжымдарын басқарып, ұстаздық та, басқарушылық іс-тәжірибесі де Амангелді Қайырбайұлының нығая түседі. Жас мұғалімдерінің тұлғалы тәлімгері, шынайы тәрбиешесіне айналады. Ол – жан – жақты білімдар да азамат. Туған Отаны – Қазақстан тарихын, қазақ халқының өсіп – өніп, даму тарихын жақсы білетін зиялы азаматтар  санатында. Математика ғылымдарының  орта мектептерде оқытылатын алғашқы әліпбилерін жатқан білетіндердің де бірі (өлкемізде) осы Амангелді Қайырбайұлы Елтін десек, бекер айтпасапыз. «Әке  көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейді халық даналығы. Айтпақшы, Амангелдінің жұбайы Нәжімиденқызы Мәркеш те – жоғары білімді, жоғары санатты математика пәні мұғалімі. Ол, ең алдымен, зайыбы Амангелдінің сенімді серігі, отбастарында өсіп – өнген 4 баланың анасы. Отбасы және зайыбының қызмет жағдайымен Екібастұз және Павлодар қалаларына көшіп – қона жүріп те, талғамы терең қала мектептері шәкірттерін замана талабына сай оқытып – тәрбиелеу үшін өзінің де талмай ізденуінің: отандық, шетелдік те өзі қалыпты педагогтарының озық әдістеме, іс – тәжірибелерін күнделікті жұмысына таңдап, қажеттісін іскерлікпен пайдалана да білген терең талғамды, аса білікті, ұлағатты ұстаз. «Сырт көз – сыншы» десек егер, Павлодар қаласының №35 мектеп директоры М.Б. Асайынов мырзаның Амангелді Қайырбайұлы хақындағы пікірі төмендегіше:   

    «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген мағынада оқушының бойына шынайы білім – білік, дағдыларын дарытып, бүлдіршіндерді майталман, бағбандай мәпелеп, баулап, жан – жағына адамгершілік нұрын төге білген қайраткер, ойшыл тұлғасыз, - дейді. Ал, Мәркеш Нәжмиденқызы хақында Екібастұз қаласы №26 орта мектеп директорының ғылымы жұмыстар жөніндегі орынбасары Күлбарам Әміркенова: - Өз мамандығын терең білуімен, меңгеруімен сүйсіндіретін адамдар болады ғой. Мәркеш Елтін осындай адамдардың санатынан. Ол теориялық білімімен, әдістемелік деңгейі жоғары ұстазы. Талапшылдығы, принципшілдігі, әріптестерімен тіл табыса алушылығымен ерекшеленеді. Өзі жетекшілік ететін бірлестіктің жұмысын жолға қойды. Бірлестік жылда интеллектуалдық ойындар, математикалық апталықтар, олимпиадалар ұйымдастырып тұрады. Мәркеш Нәжмиденқызы осы шаралардың жүрегі мен жаны десек те болады, - деген еді.

   Тіпті, сонау Санк – Петербург қаласында, ғылым саласында қызметте жүрген шәкірті, техника ғылымдарының кандидаты Абдрахманов Руслан Елубайүлы ұстазы Амангелді Қайырбаұлы хақында: - Амангелді ағай сумел пробудить во мне интерес и любовь к математике, жажду познания, целеустремленность. Я и сейчас под его влиянием нахожусь в процессе поиска, - деген екен.

   Бұдан әрі ерлі- зайыпты қос ұстаз – қос математик Амангелді мен Мәркеш Елтіндерден өрбеген балалары мен кейбір немерелері жайлы жазар болсақ.

   Балаларының үлкені – Рүстем Амангелдіұлы 1987 жылы орта мектепті «Күміс медальмен» тәмамдап, екі жоғары оқу орнын бітіріп, экономист және заңгер мамандықтарын игерген болатын. Бүгінде ол «Сәулет» құрылыс кәсіпорнын 8 жылдан бері іскерлікпен басқарып келеді. Мектепте оқып жүрген кезінен – ақ ол екі жыл бойы қатарымен (1985-1986 жылдарда) облыстық пән олимпиадаларына қатынасып, орыс тілі пәні бойынша екі жылда да жүлделі 1-орын баспалдағына көтеріліп, мәртебесі де биіктеген. Рүстем бүгінде жүгіт ағасы шағында. Отбасында 4 бала өсіріп – тәрбиелеуде. Рүстемнен кейінгі – Райхан Амангелдіқызы Жұмәлі 1988 жылы орта мектепті «Күміс медальмен» бітірген. Павлодар мемлекеттік педагогика институтының математика факультетін тәмамдаған. Отбасын құрып, 3 бала өсіріп – тәрбиеленген. Екібастұз қаласы №22 С. Торайғыров атындағы гиназия мектебінде математика пәнінен жоғары сыныптарға сабақ береді. Балаларының үлкені – Әмина магистратура бітірген. Ақтау қаласында қызметте.

    Елтін Амангелдінің педагогикалық өтілі – 44 жылды, жұбайы Елтін Мәркеш Нәжмиденқызының да еңбек өтілі – 44 жылды құрайды. Отасып, шаңырақ көтергеніне 2020 жылда – 50 жыл толады. Екеуі де зейнеткерлік демалыста. Ұрпақтарына қамқор әрі ақылшы болып, қызықтары мен жетістіктеріне қуанып отырған жайлары бар.

       Амангелді Қайырбайұлына берілген марапаттар:

    Жоғары сынып оқушыларынан құрылған оқу – өндірістік бригада жұмысын жақсы жолға қойғаны және мектеп ғимараты мен оқу бөлмелеріне жөндеу жұмытсарын сапалы жүргізгені үшін 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төс белгісімен, аудандық, облыстық, республикалық білім саласы басшылықтары, партия, кәсіподақ ұйымдарының ондаған «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттарымен», Отанымыздың Мәскеу, Ленинград (Санкт – Петербург), Курск, Қазан, Ульяновск, Белград, т.б. қалаларына туристік жолдамаларымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен марапатталған.

    Елтін Мәркеш Нәжмиденқызы да онған «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттармен» марапатталып, педагогтік ұзақ жылдар бойғы табысты да жанкешті еңбегі аудандық, облыстық мерзімдік баспасөзде тұрақты нәсихатталып та, дәріптеліп те тұрған.

ІС-ШАРАЛАР АФИШАСЫ

Барлық оқиғалар

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған