Жалаулы ауылы шежіресі

18.04.2023

Жалаулы ауылы шежіресі

   Жалаулы облыс орталығынан Солтүстік Батысқа қарай–220 шақырымда, аудан орталығы-Ақтоғайдан Батысқа қарай–106 шақырымда орналасқан елді-мекен. Жалаулы–Бұрынғы Новотроицкі асыл тұқымды мал совхозының  орталығы, совхоз 1930 жылдан ата-баба заманынан құт-береке дарыған Жалаулы өңіріне-жусаны мен жуасы, жидегі мен тобылғы иісі аңқыған, ақселеуі тербелген кең тынысты қыр өңіріне жайғасқан. 

   Жалаулы ауылдық округіне қарасты төрт елді мекен бар. Ивановка–орталығы, Шолақсор, Балтасап, Қарасу ауылдары. Ауылдық округте 2 орта, 1 негізгі, 1 бастауыш мектептер, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 3 ауылдық кітапхана, 1 мәдениет үйі, 2 клуб, 4 мектеп ішіндегі шағын орталықтар, наубайхана, сауда дүкендері жұртшылыққа қызмет көрсетеді. 

   «Жалаулы» атауы жан-жақты талдауды қажет ететін көне атауға жатады. «Жалаулы» атауы фольклорда (жыр, аңыздар мен эпостарда), ата-тек шежірелерінде, саяхатшы-географтар мен тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде, ономастикалық еңбектерінде жеткілікті. Солардың бірі жерлес ақын Иса Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасында Жалаулы көлінің атауын мына өлең жолдарынан байқауға болады:

 Ақкөл мен Жалаулының екі арасы,

 Өзенді өлке бойы кең саласы.

Ақкөл мен Жалаулының жері осындай,

Сонда да қырлысады жерге сыймай.

Осы жырлардағы жер, су атаулары оқиғалардың болған жерлерінің тарихи атаулары екеніне  ешкім шүбә келтірмес.

    Қарқаралы тауларынан бастау алатын Шідерті өзені Ақкөл-Жайылмаға құйып, одан әрі Жалаулы Қарасуы өзені арқылы су Шығанақ, Балтасап, Үрпек көлдерінен асып, Жалаулы көліне құяды. Жалаулы көлі–Павлодар облысындағы ең ірі тұзды көл, оның көлемі 398 шаршы километр жерді алып жатыр, теңіз деңгейінен 73 метр биіктікте орналасқан. Жалаулы көлі–Ертіс және Ақтоғай аудандарының шекарасында, Ертіс ауданының оңтүстік-батысында, осы өңірдегі Сілеті мен Қарасу өзендерінің алабында Жалаулы ауылының батыс жағынан 25 км қашықтықта орналсқан. Көл күрделі кескіндемемен алғанда жалпақ шұңқыр іспетті. Оның түбі орталығына қарай құммен қалыңдайды. Жалаулы көліне Қарасу өзені құяды. Кей жылдары осында қызғылт қоқиқаздың мекен етіп, ұя салғаны белгілі. Жағалауы батпақты, құмды. Суы тұзды, Қарасу өзені қосылатын солтүстік-шығыс жағы мал суғаруға оңтайлы, ал алқабы шабындық, шүйгін жайылым ретінде пайдаланылады. Жалаулы көлінің тұз қоры 55 млн.тонна. Жалаулы көлінің тұзы мен суы мал шаруашылығына пайдалы болса, көлде мекен ететін ақуызға бай шаян тәрізді «Артемия» құрттары балық жемі ретінде үлкен сұранысқа ие, косметологияда, био қоспалар өндірісінде құнды шикізат болып табылады.

    Жалаулы көлі-қилы заманда қазақ халқының тағдыры шешілген көлдердің бірі. Ел аузындағы аңыз бойынша, жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай бастаған алты мыңға жуық қазақ қолы Ертіс бойымен осы өңірге келген, одан әрі өтіп Көкшеге жетпек болған. Бұл сәтті пайдаланған және жақсылыққа жорыған Түгел, Жазы және Қошқарбай батырлар қол жиып, Абылай туының астына жиналған. Осы жорықта Ертістің оң және сол жағалаулары жаудан азат етілген.Қазақ батырлары жоңғарлармен болған қиян-кескі шайқаста осы тұзды көл маңында ірі жеңіске жетеді де, көлдің биіктеу жар қабағына қазақ жауынгері жеңіс жалауын тігеді-міс. Алыстан мен мұндалап, қазақ халқына үміт пен ерлік сыйлап, жауға қорқыныш ұялатқан көл жағасында тігілген Абылай туының құрметіне «Жалаулы көлі» атанған екен.

   Жалаулы ауылынан Ұлы Отан соғысына 200-ге жуық  ардагерлер қатысты. Оның жартысына жуығы соғыста хабарсыз кетті және Отан үшін қан майданда ерлікпен қаза тапты. Ұлы Жеңіске жетіп елге оралғандары қолдарына айы-күрек ұстап, кейбірі қалам ұстап, ел басқарып бейбіт еңбекке араласты. Олар соғыстан аман келіп, отбасыларын құрып, ұрпағын өсіріп, тәрбиелеп, ауылымыздың соғыстан кейінгі тұралап қалған шаруашылығын дамытуға зор үлестерін қосып көп еңбек етті. Нақтырақ айтсақ, олар, К.Ахтанов, І.Игсатов, С.Смағұлов, М.Смағұлов, Қ.Тошев, Жікеу мен Балжарық Ибраевтар, С.Мақажанов, ағайынды Қайырбай, Олжабай, Дүсенбай және Сүлей Медетовтар, Исамалинов Базарбай мен Тайшық, Қ.Нұрғазин, Қ.Қожахметов, Б.Байманов, Сейтқали, Баж және Мерғали Жүсіповтар, Б. Бекбаев, Ш.Мүсәлімов т.б.

   Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығында ардагерлер ұрпақтарының күшімен жаңартылды

   Жалаулы ауылының ер азаматтары Отан қорғауға соғысқа кеткенде ауылда шал-кемпір, бала-шаға және қыз-келіншектер мен әйелдер ғана қалды. Нәзік жанды әйелдер аш-жалаңаш қыстың суығын тоңып, жаздың аптап ыстығына күйіп ер азаматтардың істейтін шаруашылықтағы ауыр жұмыстарды атқарды. Олар Жеңісті жақындату үшін жан аямай еңбек етті. Еңбек етіп жүріп, бала-шағасын да өсірді. Ер-азаматтары майданда жаумен күресіп жатқанда, тылдағы қалған әйеледер мен соғысқа жарамсыз деп табылған азаматтар еңбектің нағыз ерлігін көрсетті. Нақтырақ айтсақ олар, М.Байманова, Ә.Смағұлова, Ш.Әлішева, Қ.Смағұлова, Ш.Атағұлова, Т.Атағұлов, Ы.Құтемгенова, Қ.Игсатова, Ә.Әміркенова, З.Байтенова, Р.Қожанов, Т.Адамов, Р.Сматаев, Н.Хижняк т.б.

   Осы аталған еңбек және соғыс ардагерлері бұрынғы Нововтроицкі совхозын асыл тұқымды ақбас сиырлар және биязы жүнді меринос қойларды өсіруімен республикаға әйгілі етіп атын шығарған, сол жолда жан аямай еңбек еткен еңбекқор адамдар болған.

   Жалаулы өңірінен әйгілі ғалымдар, генералдар және спортшылар шыққан. Атап айтсақ, ғалым-зоотехник, селекционер Айып Құсайынов, әскери авиация генерал-майоры, ұшқыш Дәурен Қосанов, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Бекжан Медетов және әлемдік деңгейге шыққан жерлес боксер Сабыр Ерболат. Сонымен қатар ауылымыздың дамуына және көркеюіне көптеген еңбек ардагерлері үлесін қосты. Олар ел басқарған басшылар, құрметті ұстаздар, ауылшаруашылық мамандары мен қарапайым жұмысшылар, спортшылар, мәдениет қызметкерлері, механизаторлар, малшылар, шопандар т,б. Атап айтсақ, ұстаздар – Н.Алшынов, Б.Исамалинов, Қ.Нұрымов, Н.Ахтанов; ел басқарған басшылар – Ж.Нұрғазин, С.Қалымов, Л.Бақтыбаев, М.Құсайынов, Ж.Жабағынов, С.Сейтқалиев, Ж.Қалымов, Жылқайдар, Жылқыбай Ерғалиевтар, Мәжит пен Қабдыл Нұрахметовтар, С.Жүсіпов, Николай и Владимир Мулявко, Қ.Қасенов т.б.; ауылшаруашылық мамандары мен қарапайым жұмысшылар – О.Абдрахманов, М.Әлдекенов, Қ.Қаппасов, К.Сыздықов, Т.Сыздықов, А.Серғазин, А.Малғаждаров, Ж.Кожанов, С.Ибраев, А.Әміркенов, Аким и Илья Мулявко, Н.Әбитжанов, Б.Адамов, Ж. Мақажанов, Сәтбек пен Ертісбай Жүсіповтар, Жексенбай мен Бәзен Иксатовтар, Н.Құлмағамбетов, Б.Нұрғазин, Д.Ахтанов т.б.

   Қазіргі уақытта Жалаулы аулдық округінде осы еңбек адамдарының ұрпақтары тұрып жатыр. Олар өздерінің осындай ел үшін еңбек еткен аталары мен әжелерін мақтан етеді және ата-кәсіп мал шаруашылығын жалғастырып елге пайдасын тигізіп еңбек етіп жатыр. Қазіргі уақытта Жалалулы ауылында 50-ге жуық шаруа және фермерлік қожалық шаруалықтары мал шаруашылығымен және егін егіп шөп шабумен айналысып жүр. Атап айтсақ, «Барғана», «Ахмет», «Қанжығалы», «Күшкен», «Нұрлы жер», «Атамекен», «Сабыржан», «Абылайхан», «Ислам», «Теміршот» т.б.

   Ауылымыздың азаматы Б. Әлдекенов асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысады. Бәйге аттарын баптайды.

   Ауылымыздың шабандоз жігіттері мерекелік шараларда қазақтың ұлттық ойындарын ойнатып, насихаттап жүр. Нақтырақ айтсақ, Жалаулының көкпаршылар командасы бар. Олар ауылдық, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Көкпаршы жігіттерді атап айтсақ, ағайынды Бауыржан, Ардақ, Нариман және Өмірсерік Ахметовтар, Д.Байманов, И.Муллин, Р.Булкендыков т.б. Сонымен қатар ауылымыздың жастары басқа да ұлттық ойындарды ойнатып, ат бәйгелеріне ат жаратып ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, салауатты өмір салтын ұстанып, ат спортын насихаттап жүр. Олар «Ат бәйгесі», «Қазақша күрес», «Грэплинг» аралас жекпе-жек, «Теңге алу», «Аударыспақ», «Тоқты көтеру», «Кір тасын көтеру», «Білек сынасу», «Арқан тару», «Асық ату» т.б. Осы жерде жас спортшы жастарымызды атап айтсақ, Е.Теміршот, С.Омарбеков, К.Азылбеков, И.Тұрсын, И.Ахметов, Х.Жылқыбай т.б.

   Жалаулы ауылында 2022 жылдың күзінен бастап салауатты өмір салтын насихаттап жасөспірімдер арасында жас бапкер Теміршот Ерболат «Грэплинг» аралас жекпе-жек күресінен үйірме ашып балаларды спортқа баулып жүр. Оның шәкірттері осы аз уақыт аралығында қалалақ  спорт жарыстарына барып, жүлделі орындар алып келіп жүр.

   Жалалуы ауылының 90 жылдық тарихы бар шежірелі ел. Табиғаты кең жайылым, шабындық дала. Өңірімізде ащы және тұщщы өзен-көлдер бар. Атап айтсақ, Жалаулы, Балтасап, Шығанақ, Қарасу, Үрпек көлдері. Көктемде өзен-көлдерімізге су молырақ келгенде балық та болады. Жалаулы ауылының табиғаты мал шаруашылығы мен айналысуға қолайлы жер.

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған