Жаңатап тарих толқынында

19.04.2023

Жаңатап тарих толқынында

       

Павлодар облысымен Ақтоғай ауданының іргесі сөгілмеген ауыл «Жаңатап тарих толқынында»

   Ақтоғай ауданында талай тарих кезеңдерді бастан кешіп, халқымыздың өткені мен бүгінгісінің куәсіндей болып, іргесі сөгілмей тұрған ерекше ауыл бар. Ол қарт Ертіс қойнауына қонған Жаңатап ауылы.

   Бүгінгі әңгімеміз Жаңатап ауылы төңірегінде болмақ. Шежіре кітабінің жинаған дерегі бойынша Жаңатап ауылында Дәуек Жақашұлы 18.11.1856 жылы Ақтілес-Күшік-Бәсентиін болыс басшысы болып сайланған. Ел ұйтқысы, Ақтілестің ұйтқысы атанған адам. Дәуектің шөбересі Рамазанов Керей ақсақал 1928 жылы туған, бүгінгі таңда үй шаңырағында ұлы Рамазанов Қанат ағамыз тұрады. Марқұм Керей атамыздың немересі Керейев Манарбек кішігірім жеке кәсіпкер, егістік жерге картоп егіп, шағын қара мал ұстап ауылдастарды жаз айларында жұмыспен қамтуда. Жаңатап ауылы колхоз кезінде 14-ші ауыл деп аталыпты, сол кезде 21-25 үй болған. 1929-1930 жылдары коллективтеңдіру ұйымынан бастап Жаңатап  колхозы болып құрылды. Сол кезде Ертістің сол жақ жағалауында қоныстанған ауыл атауларын «жаңа» деген сөзден басталған мысалы: Жаңабет, Жаңатап, Жаңа ауыл, Жаңа ұйым, Жаңа шаруа т.б. Соғыстан кейін Мағауия Сырымбайев, Иса Смагулов атамыз ел бастығы болған. 1961-1998 жыл аралығында Чкалов совхозының 2-ші бөлімшесі Жаңатап ауылы болып құрылды, сол кезде ауылда 70-75 жанұя тұрды. Осы жылдар аралықтарында белсене еңбек сіңірген, ел болуына үлес қосқан адамдардың есімдері аталып өтсел есінде, тарих толқынында естелік болады деген ойдамын. Ел ішінде бастық қызметін атқарған азаматтар Омаров Көшербай 1961–1962, Жармакин Кайкен 1962–1963, Жұманов Арал 1963–1973, Сейфуллин Темірғалы 1975-1980, Алибайев Қайыр, Рамазанов Керей 1973-1975, Жұманов Арын, Нургалиев Абай 3жыл, Такиев Сләмқұл 2 жыл, Теміргалиев Айтмұханбет 8 жыл, Жұмағұлов Жұмабай 8 жыл.

   Есепші қызметін атқарғандар Рахманкулов Текен 1961–1968, Абамленов Шакен 1964-1966, Ахметова Сауле, Рахимбайева Серік, Ильялова Құралай 1968-1972, Саматов Мұхаметмансур, Такиев Сләмқұл 1992-2000 жыл.  

   Совхоз қызметін атқарғандар Мушкенов Қабдыраш, Казымов Балғабай, Абдырахманов Тылеулес, Ахметов Жұмкен, Жұманов Мұнтай.

   Веттехниктер қызметін атқарғандар Рахметов Сарсенбай, Нургалиев Абай, Досанов Сагидолла, Нургалиев Тоқтас, Горьев Николай.

   Бригадирлер қызметін атқарғандар Қабжанов Едіге, Байтокин Майдан, Жүсіпов Тотай, Жұманов Амангелді, Маканов Қанат. Агроном қызметін атқарғандар Ильяшов Байкен, Зейнуллин Ақай, Жұманов Мәнап, Ахметов Жұмкен, Қасымов Қадыр. Ауылдық контордың еден жуушысы болып Еркінова Күміс анамыз 10 жылдай жұмыс атқарды.

   Жаңатап ауылы 1961 -1998 жылдар аралықтарында егістік жеріне бидай, жүгері, күнбағыс, тары дәнді дақылдарын еккен. Тоғайдың шөбін шауып қысқы азықтарды қамдаған. Ауылымызда қой шаруашылығы жақсы дамыды, 8-12 отар қой болды. Әр отарда 600 ден–800-ге дейін, жылына 100 қойдан 100 қозы және одан да көп төл алды. Жаз айларында қой қырқып, тюктеп өкіметке тапсырды. Жаз болса жайлауда,қыста баздарда қой өсіріп елімізге еңбегі сіңген шопандар есімдерін атап өтсек жөн болар. Шопандар Сырымбайев Қабылда, БаталовТөлеген, Шарипов Қайролла (Ленин орденін алған), Мұхметжанов Қанатбек (Құрмет орденімен марапатталды), Иманқұлов Балтабай, Аманжолов Қабыкен, Мұхаметжанов Назымбек, Құсайынов Шарапиден, Рахманкұлов Тлектес, Сакенов Төлеубай, Дәуеков Абдікеш, Қалиев Ертөстік, Қапанов Мейрам, Батталов Есен (10 жыл шабан болды), Шулкенов Қайырбек.

   Егін шауып, мал азығы шөп шапқан күннің ыстығына, суығына төзе білген механизаторлар (трактористер, шоферлар) Жұмағұлов Жұмабай, Акемжанов Шарипзада, Алибайев Бауыржан, Құсайынов Жақыш, Қабжанов Какен, Жұмағұлов Кажан, Мұхаметжанов Мейрам, Отарбаев Шаріп, Шарипов Балғабай, Абдырахманов Жасұлан, Нұрғалиев Темкеш, Шарипов Қайыргелді, Ибрайев Қабдырахман, Қабышев Сапар, Қапанов Майдан, Бушанбайев Хамит, Шахманов Сапарғали, Құдайбергенов Қайкен, Мұратов Мырзамбек.

   Ауылымызда 1972 жылы дүкен салынды, сатушы болып Батталов Төлеген, Нұрмағанбетов Төлеу, Кондикерова Айтжамал жұмыс істеді. Ауылда15-20 кісілік монша болды. Ауылымызда 1961-2014 жыл ішінде молда қызметін атқарып ел құрметіне бөленген аталарымыз Момынжан (марқұм), Абдырахман (марқұм) казіргі таңда Дәуеков Абдікәрім атамыз имандылық жолында.

   «Алтын ұям Мектебім» ауылдың қай азаматы болсын, Жаңатап бастауыш мектебін тәмәмдаған. Жаңатап бастауыш мектебі 1933 жылы Смайылов Қапан ұстаздың жұмыс жолында ашылған. 1965-1987 жыл аралығында Ахметов Қапаш, Марденов Картай, Такиева Бақтай, Ахметова Марал, Маканова Гуля, Нығыманова Әсел, Мухаметжанова Бақытгүл, Илялова Айгүл есімді ұстаздар еңбек етті. Осы аталған ұстаздардың қолында оқуларын тәмәмдаған ұл–қыздарымыз казіргі таңда үлкен маман иелері. Кітапхана рухани байлықпен сусындайды, кітапханашы болып Сейлханова Бәтес, Кондикерова Айтжамал, Ахметова Сәуле апаларымыз жұмыс істеді. Қазіргі таңда кітапханашы болып Абдырахманова Бақытжан Тылеулесқызы атқаруда. Мәдениет үйінде тынымсыз жұмыс үстінде болды. Мәдениет ұйінде Сарыбасова Света, Ахметова Сәуле, Құдайбергенова Жанна, Мұхметжанова Мақпуза, Аманжолова Жұпар, Шарипова Мадина апаларымыз ұйымдастырушы қызыметің атқарды. Қазіргі таңда Майкенова Шынар ұйымдастырушы болып жұмыс істейді. Киномеханик Абдырахманов Тылеулес (2 жыл) жұмыс істеді. 1972-1973 жылдары «Армандастар» ансамблі құрылып, әр мереке сайын концерт болып тұрды. Ансамбілге ауылдың қыз – жігіттері қатысты. Олар Садыкова Бадиша, Абдырахманова Майса, Қалиев Ертөстік, Нургалиев Тоқтас, Рамазанова Сәуен, Абдырахманов Тылеулес, Теміргалиева Маржан т.б. Барлығы гитара, баян, домбыра, барабан ән-күй аспаптарымен ойнаған және ұлттық киімінде болған.                                                      

   Ұлы Отан соғысына барып, аман-есен жеңіспен оралған аталарымыз бен апаларымыз баршылық. Ардагерлеріміз Ильяшұлы Ноғай, Шұғайұлы Қоқан, Сейфуллин Темірғалы, Жұманұлы Арын, Смайылов Қапан, Ыбырайев Қабдырахман, Әкімжанов Қабылда, Баталұлы Төлеген т.б. Тыл ардагерлері Жүсіпова Шайзат, Амралинов Сейіткәрім және Муслима, Сейіткәрім атамыз. Барлығы Жаңатап ауылынын көркеюіне үлес қосқан. Сонымен қатар Жаңатап ауылында басқа да жұмыс қызметін атқарған апа, аналарымызда баршылық. Осы жыл аралықтарында бар өмірлерін ауылымыздың көркеюіне үлестерін қосып, еңбек еткен ата-ағаларымызға,апа-аналарымызға ризашылығымды білдіремін. «Елу жылда–ел жаңа»,-деп, бабаларымыз осындай қуанышқа бөленуден айтқан болар деп ойлаймын.      

«Көпті көрген  қарт ата».

Үлкендер көргенін айтар, біз, жастар –естігенімізді жазамыз.

   Бүгінгі әңгімеміз көпті көрген Амралинов Сейткәрім атамыздың өмір жолдары жайлы болмақ. Атамыз 1929 жылы 22 сәуірде Авангард колхозында дүниеге келген. Руы Ақтілес. 1 классты бітіріп, 2 класс оқып жүргенде, 1941 жылы әкесі соғысқа кетіп, атамыз оқуын жалғастыра алмапты. Ол 1943 жылы 14 жасында тылда жасы үлкен ана–ағалармен жұмыс істеген. Бастықтары Саня орыс жігіті болған. Егістік басы 7 шақырым сол егістікке жаяу барып, өгіз жегіп, жер жыртып жатар орынға кеш қайтып жүріпті. Атамыздың  айтуы бойынша барға да, жоққа да шыдаған екен. Адамдардың аяқ киімі жоқ болған соң, қолдан істелген шәркей кигенбіз дейді. Аналарымыз жұмыстан тас қаранғыда келіп, дермен тартып шелпек, кеспе пісіріп таң ата жұмысқа кететін сол кезде аналарымыз қай кезде ұйқтаған деп атамыз таңданады. 1945 жылдың 9 мамырында біз егістік басында болатынбыз, -дейді. Сол күні Саня деген бастығымыз айқайлап соғыс бітті, қолында орамал екенін, әлде бас киім бе? Әйтеуір қолын былғап келеді. Егістік басындағы адамдар қуанғаннан жылап, құлап жатты деп, еске алып атамыз. Сейіткәрім атамыз 22 жасында Кулмаз деген апамызбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Сол жылдан бастап шабан жұмысын атқарған. «Комсомольский труд» 2 медалі, 1944 жылы «Сталин» орденімен марапатталған. Әкесі соғыстан қайтып оралмаған, ал әкесінің ағасы болса соғыстан оралғаннан соң, жасы келген шағында атамызға аманат айтқан екен. «Жаңатап» деген аулда бұрын ата әкелері туған. Ағаларының айтуы бойынша елім, жерім деп «Жаңатап» ауылына көшіп келеді. Осы ауылда шамамен 20 жылдай тұрады. Биыл 2014 жылы атамыз 85 жасқа толып отыр. Өмірдің суығы мен ыстығын, бар мен жоқты көрген Сейіткәрім атамыз әңгіме соңында «Біз көргенді, казіргі жастар көрмесін,» -деп өз тілегін айтты. Бүгінгі таңда атамыздың 12 баласы, немере, шөбере, неменелері бар. Жарынан ерте айрылған. Ауылымыздың  көп жасаған ардақты, қадірлі қариясы атамызға өзінің өмірі жайлы айтып бөліскені үшін көп алғысымды айтамын. Атамыз 2022 жылы 93 жасында дүниеден озды. Жаны жанатта болсын.

«Жаңы жайсаң жақсы ата»

    Қай адам баласы болса да,жас жетіп қартайған шағында осы  өмірде мен не тындырдым, артыма қандай із қалдырдым деп өзіне – өзі есеп беріп жатады. Ел қатарлы еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, ел-жұрт, ағайын-туысқандармен сыйластықпен өмір сүріп, біреудің ала жібін аттамаса, соның өзі де-көңілге бір демеу. Адамдарға жасаған жақсылығы мол болса, осының өзі де-көңілге бір қуаныш.

    Павлодар мен Ақтоғайдың құрдасы, Жаңатаптың тумасы Тәкиев Сләмқұл 1938 жылы 30 қаңтарда Жаңатап колхозы, 14 ші ауылда, Куйбышев ауданы, Заверетка с/советінде, Павлодар облысында дүниеге келген. 1946 жылы 1 қыркүйекте алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Содан 4 класты Жаңатап бастауыш мектебінде 1951 жылы бітірген, 1954–1957 жылдар аралығында Жаңабет 7 жылдық мектебінде оқып, кейіннен 8, 9, 10 кластарды Куйбышев орта мектебінде бітірген. 1957 жылдың 26 қазанынан 1960 жылдың 1 қарашасына Совет Армиясында міндетті әскери борышын өтеп, аман–есен туған жерге оралды.

   1961 жылдың қаңтарынан 1998 жылға дейінгі уақытта Чкалов, казіргі Муткенов селолық округінде еңбек атқарған. Жаңатап ауылында жұмысшы, шабан, одан кейін 20 жыл зоотехник болып жұмыс істеп, еңбек сіңірген, сол жерде 1990 жылдан бастап бухгалтер қызметін  атқарған. «Бейнеті бар еңбектің зейнеті бар» дегендей, туған жеріне сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. 1970–1979 жылдар арасында 100 қойдан 100-110 қозы алған ферма бойынша «Павлодар облыстық тақтаға» шыққан. «Лучший зоотехник» атағын жеңіп алғаны үшін марапаттау қағазымен, сонымен қатар мал шаруашылығында көп еңбек сіңіргені үшін кеуде медалімен марапатталған. Отбасында 8 бала тәрбиелеген. Ұл–қыздарының барлығы білім алып, әр салада жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған атамыз, жұбайы Смаилова Қайнылқаят Қапанқызымен 54 жыл өмір сүрді. Қазіргі күнде Слямқұл-85 жаста. Осы күнде немере-шөберенің қызығын қызықтап отыр. Немере, шөбере, жиен, жиеншарларының саны 35 ге жетті. Жаңатап ауылында бірінші рет 2010 жылы ақпанның 22 күні «Алтын тойды» атап өтті.

   Қазіргі таңда атамыз кітапхананың тұрақты оқырмандары. Әсіресе Айқын, Егемен Қазақстан, Ауыл тынысы, Сарыарқа самалы газеттерін үзбей алып оқиды, көркем әдебиет кітаптарын да қызығушылықпен алады. Ақыл сұрасан, білгенін айтып әрқашан жанымыздан табылады. Жасыңызға жас қосылып көп жасаңыз «Жаны жайсаң жақсы ата».

Жаңатап ауылының тұрғыны Алпыс палуан.

 (1800 -1870 жыл)

Алпыс палуанның өміріндегі болған оқиға.

    Жиырмасыншы ғасырдың орта тұсындағы елжұртымыздың ұстаған салт–дәстүріне орай ауыздан–ауызға жеткен, болған оқиғаларды еске алайық. Қараөткелде үш дуан сьезі өткізіліп, соңынан қазақ дәстүрімен ат бәйгесі, палуандар күресі ұйымдастырылатын болыпты. Оған қазіргі Ақтоғай ауданы «Жаңатап» ауылында (шамасы 1800 -1870 жылдары) туып, өмір кешкен Алпыс палуанды апарыпты. Үш дуанның үстінен қарайтын қазы (советник) Зілғараның күреске алып келген Дүмше деген палуаны бар екен.

Дүмшені айтыс ақыны марқұм Қимадиден Нығыманов «Алпыс батыр» деген поэмасында былай суреттепті:

«Шынжыр  тағып, тұмша сап, Бейне бір аңдай секіреді!

Жер тырнайды жата қап, құтырған аю секілді!

Жібер!–дейді бақырып, дауысы құлақ жарады,    

Бейнебір жыртқыш мақұлық,

Таңданып халық қарады».

   Мысы да, күші де басым осындай палуанмен күрес қалай болар екен деген көңіл күші бар Алпыстың қолдаушылары әліптің артын бағайық деген тәуекелге тоқталады. Белдесу басталар–басталмаста Алпыс алпауыт қарсыласын көтеріп алып, нығарлап тастағанда, Дүмшінің сынып кетіпті. Сөйтіп, бас бәйгені Алпыс палуан жеңіп алыпты. «Баянауылда Шорекеңе ас беріледі, соңынан ат жарысы, күрес өткізіледі» - деген хабарды естіген Бәсентиіннің қарт биі Қазанғап старшын (ауыл басқарушысы) Бәкі Басарұлын шақырып, бәйге аты мен палуан керек, оларды қайдан аламыз? –деп сұрайды. Сонда Бәкі: қыр жылқысынан, әсіресе, Қуандық елінің екі бәйге күреңінен ат озу қиын–ау. Бір озса Ақтілес Бежудің (Бекжен Итемгенұлы–Бежу ел-жұртының қойған аты, шамасы 1800–1860 жылдары өмір сүрген, әйгілі атбегі, Жақсыбай шешеннің немере інісі) бесті торысы озар, ал күреске қартайып қалдым демесе, Алпыс палуаннан басқа адамды айта алмаймын», -депті.          

   Ол Бежу мен Алпысты шақырып, сөйлеседі. Ер көңілді, ақ жүрек Бежу: «Шорекеңнің асына бәйге қосуға жарамаса, торыны бауздап кетемін», -дейді. Алпыс палуанның ер жасы-50-ден асқан кезі екен.

   Ол сонда да: «Бір шелек айран мен бір таба нан болса болды, күресе беремін, қырдың палуанындай қазы, қарта, қымызбен қоректеніп, арнайы күтім тілемеймін», -деп әзіл айтып, күресуге ықыластылығын білдіріпті.

   Күрес басталды. Мұса мырзаның дәу палуанын екі адам қошеметтеп алып шығады. Алпыс палуан аяғына сірі кебіс, үстіндегі шолақ шекпенінің бір жеңін бос тастап, балпаң басып ортаға жалғыз шығады. Екі палуан әу дегеннен ұстаса кетеді. Дуан басы Мұса мырзаның өз палуанына тілеуқор болып отырғанын сезіп, оның мысы басып кетер ме екен деген күдік қысқан Бәкі: «Мұса мырза елді билегенімен күшімізді билей алмайды. Қайраттан! Соқ!,» - деп айғайға басады. Әлде қалай болар екен деген ойды сейілтіп, қайрат-күшін қайтарған демеуді сезген Алпыс дәу қараны «әу іп!» деп көтеріп алады да, Бәкінің дауысы шыққан жаққа қарап: «Ал Бәсентиін баласы, мынаны қайда тастайын», -дейді.

   Көкжорға аттың үстінде тұрған Бәкі: «Мұса мырзаның алдына таста!», - дейді іркілместен.Алпыс палуан қарсыласын көтерген бойы кескен дөңбектей  Бәкі айтқан жерге тастап жіберді. Күрестің бас бәйгесі осылай алынған. Ертенгі ат жарыста Бежудің бесті торысы озып шыққан.

   Бұл өңірде елдігімізді сақтау жолында қан–шайқаса қаймықпай, қасқиып, қарсы тұрып қол бастаған батырлар да, шаршы топта сөз бастаған би, жұртына қамқор болған парасатты ел басқарғандар да, аз болмаған. Казіргі таңда Жаңатап ауылында Алпыс палуанның немере жиені Нұрмағанбетов Темірболат атамыз тұрады. 2012 жылдың көктемінде атасы Алпыс палуанның басына тас орнатты.

 «Ауылым-алтын бесігім»

    Ақтоғай ауданында Жаңатап деген ауыл бар. Ертістің бойын орналасқан елді мекен–Муткенов ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдың болашағы тек сіздердің қолдарыңызда! ауылдастар жұмыстарыңыз алға бассын!

    Ауылымыздың тұрғыны, ел азаматы Шахыманов Асқар Сапарғалиұлы 1970 жылы Жаңатап ауылында туған. Жаңатап ауылының жеке кәсіпкері. Өзінің еңбек жолын 2005 жылдан бастады. Сол кезде 10 қара мал шаруашылығымен және егін егумен бастады. Казіргі таңда 2014 жылы мал басы 50 қарамал, 50 бұзау, 100 қойға дейін жеткізді. Қарамағында 5 кісі жұмыс істейді. Егін егістігі де тоқталған жоқ. Жазды күні шөп шауып, егін шауып, қысқы мал азығын дайындайды. «Елде болса-ерінге тиеді» халқымыз, қыс мерзімі мал азығы шөппен қамтамасыз  етеді. Дұрысын айтқанда елдің көңілін қайтармай, керек кезде техникаларын жіберіп халқымызға көмектеседі. Өзінің жеке кәсіптік дүкені бар, онда жары Ботагөз халықпен жұмыс істейді. Ағамыз және жеңгеміз 5 бала өсіріп, марқұм әкесінің шаңырағының түтінін түтетіп, анасы Дәмет апамызды құрметтеп, халқымыздың қуанышына бөленген жандар. Ауылымыздың мәдениет үйі және ауылдық кітапханаға «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарлама бойынша күрделі жөндеуден өтті. Бұл бағытқа 8 миллион теңге жұмсалған. Казіргі таңда кітапхана меңгерушісі  Абдырахманова Бақытжан Тылеулесовна қызмет атқаруда. Кітапхана рухани байлықпен сусындайды. Мерекелік мәдени іс–шараларды мәдени ұжым болып бірлесіп атқарады. Клубта демалыс күндері жастарға би кештері болады. Әйтеуір, клубтың және кітапхананың есігі келем деушілерге қашанда ашық. Ауылдықтар үшін Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Қапан Смайылов қашанда биік тұрады. Оның есімін үлкен-кіші тегіс қадір тұтады. Себебі, ол–осыдан тура 70 жыл бұрын Жаңатап  ауылына мектеп ашқан жан. Ауыл балаларың сауаттаңдырып, білімге баулыған. Сондай–ақ Жаңатап мектебінің ілгерілеуінеайрықша үлес қосқан ұстаздар бар. Олар–«Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісінің, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Мұхаметкәрім Морданов, өз ісінің білгірлері Бақытжамал Такиева, Бәтес Сейілханова және Марал Ахметова. Өкінішке қарай, аталғаңдардың дені бақилық болып кеткен. Бұл күнде ұлағатты ұстаздардың жолын Айгүл Іләлова, Алмагүл Шөлкенова, Капанова Гүлдана Қайырқызы, Ержан Ақбота Ержанқызы және Капанова Маржан бастаған мұғалімдер абыроймен жалғастыруда.

   Осыдан қырық жыл бұрын Жаңатап бастауыш мектебі басқа ғимаратқа көшірілді. 1966 жылы туған қыз – жігіттер жаңа мектептің алғашқы түлектері. 2009 жылы білім ордасына күрделі жөңдеу жұмыстары жасалды. Мектептің есік – терезелері, шатыры жаңартылды. 2010 жылдың сәуір айында оқу ордасының жанынан «Айналайын» шағын орталығы ашылды.

   Бүгінде мұнда 8 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепте оқушыларға арналған асхана бар, аспазшы болып Дүйсекенова Ризагүл істеді. Қазіргі таңда Муканова Бейнегүл апамыз аспазшы болып істейді. Жалпы, Жаңатап бастауыш мектебінде 14 оқушы білім алуда. Ал бастауыш мектепті тәмәмдаған 21 бала Жаңатаппен көршілес орналасқан Жаңабет ауылындағы Қ. Нығыманов атындағы орта мектепте білімін жалғастыруда. Оларды күн сайын тасмалдау үшін арнайы көлік қарастырылған. Жаңатап мектебінің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға жоғарыда аталған ұлағатты ұстаздардың ұрпақтары, әркім өткен күннен сыр шертіп, естеліктер айтты. Түлектер мен қонақтар игі шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ал мектептегі оқушылары көпшілік алдында өз өнерлерін паш етті.

   Сонымен қатар, осынау мерейтой аясында осыдан отыз–қырық жыл бұрын жергілікті қыз-жігіттерден құралған «Армандастар» ансамблінің мүшелері де өнер көрсетті. Жиналғандарды тебірентіп, қариялардың жастық шағын еске түсірген ансамблге жұртшылық дуылдата қол соғып, алғыс айтты. Кештен көпшілік қуанышты көңіл-күймен тарқасты. Осы іс-шараны ұйымдастырған ұстаздарға, мәдениет ұжымына, ауыл азаматтарына рахметімізді айтамыз. 2014 жылы медициналық бөлімге күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Ал 2017-18 жылдары Жаңатапқа су құбырын тартатын боламыз-дейді Муткенов округінің әкімі Қабдығалиев Сара Көпейқызы. Әйел–Ана, Әйел- Өмір, Әйел–тіршілік өзегі. Алтын құрсағынан адамзаттың алыбы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұламалардың сөзі бар. Шынымен солай, олай болса Жаңатап ауылыңдағы көп балалы аналарымыздың есімдерін қалай атап өтпеске. Кабышева Жәкен 10 бала, Шарипова Дәмет 10 бала, Теміргалиева Маржан 7 бала, Ахметбекова Айжан 6 бала, Шулкенова Шамкен 8 бала, Шахманова Дәмет 6 бала, Нургалиева Қайша 7 бала, Мұхметжанова Гүлзипан 6 бала,Садыкова Бадиша 6 бала, Саматова Жібек 6 бала, Абдыргалина Асия 6 баласы бар. Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері.Сонымен қатар ауылымызда 4–5 балалары бар көп жас аналар бар. Олар бала тәрбиесіне, қоғам жұмыстарына белсене қатысады.

    Жаңатап ауылынның тұрғыны Рахманкулова Рыстай апамыз 1990-1998 жылдары әкесі Тілектес атамыз бірге пом–шабан болып жұмыс атқарды. Кейін Жаңабет ауылында жеке меншік мал–шаруашылығында сауыншы болып істеді. Қазіргі таңда Мәдениет үйінін еден жуушы болып жұмыс істейді. Муткенов округінін әкімшілігі осы атқарған еңбегіңбағалап, 2014 жылы «Ақтоғай ауданың тақтаға» ілінді және Ақтоғай ауданын әкімшілігі құрмет ординімен марапаттады. Елбасымыздың Жолдауында, еліміз тәуелсіз екен,тіліміз де тәуелсіз болуға тиіс. Тіліміз азаттық алмай, өзінің тұғырына қонбай, біз қалайша Тәуелсіздіктің рухын сезіне аламыз.Тіл тәуелсіздігі–ел болашағы дегендей, Жаңатап ауылы ұлттық тілге бай. Біршілік пен татулық бар жерде тіршілік бар, мінекей менің ауылым ұлттық тілге бай,бірлік пен татулығы жарасқан қонақжай ел деп айтар едім. Мен ауылдастарыма тілерім осындай құндылықтарымызды жоғалтпай, өсіп келе жатқан ұрпақтарға тәлім–тәрбие, өнеге бола білейік.

Біздің тілек, сүрінбеуің, самғауың,

Армансыз боп, қорғансыз боп,қалмауың.

Туған ауыл сыр айтады, сыбырлап.

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған