Шұғада туған - шын бақыт!

26.04.2023

ШҰҒАДА ТУҒАН - ШЫН БАҚЫТ!

   Шұға ауылының төлқұжаты:

Адам саны – 240.                                                           

Зейнеткерлер - 34          

Үй саны – 40                                                              

Оқушылар - 28

Ер адамдар – 112                                                      

18 жасқа дейінгілер – 60                                                                  

Әйелдер – 128

   Мал саны:

Ірі қара мал – 780 бас

Қой, ешкі – 600 бас

Жылқы – 450

   Жеке кәсіп иесі:Қайыргелдина Майда, дүкеннің иесі.

   Шаруа қожалықтары: «Жаңаталап» – қожасы Сейілханов Дүйсенбай. 70 ірі қара малы,150 қой, 4 жылқысы бар.

   «Алтын алқа» иегерлері: Ахметжанова Зинара, Ержанова Көгершін, Қайыргелдина Майда,Зылғарина Гүлжан

   «Күміс алқа»  иегерлері: Ерғалиева Гүлнар

   Мектеп: Ленин орденді ұстаз Хасен Шаяхметов атында. Директоры Шілтібаев Бағадат Мұғамарұлы. Мектепте  28   оқушы оқиды.18   мұғалім ұстаздық етеді.

   Дәрігерлік пункт:1988 жылдан Умирова Еркеш Айтбайқызы халыққа қызмет етіп келеді. Ауырып келген науқастарға ықыласымен, мейірімімен, жүрек жылуымен көмек қолын созатын адал жан.

    Адам дәрігерінің шипалы қолы, оның кәсіби шеберлігі, білім-білігі, ауырып-сырқап жауапкершілігін қатаң сезіне еңбек еткен Еркештің ауылдастары арасында қадір-қасиеті беделі де биіктен көрінген, өз мамандығының шебері.

   Мәдениет ошақтары: ауылдық клубта Қайыргелдин Дастан меңгеруші болып қызмет атқарады. Клубта мерекелерде әртүрлі мәдени шаралар өтіп тұрады.

   Кітапхана:«Кітап білім - бұлағы» демекші, ауыл адамдарын рухани байлықпен қамтитын ауылдық кітапхана талайдан бері қызмет атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты білімді де, білікті сауатты етіп тәрбиелеу білім бұлағының кәусар көзі – кітапханалардан бастау алады. Кітапхана –бір әлем. Кітап мұхитында бағыт табуға, әлемдік әдебиет сайтында бағдар іздеуге кім үйретіп, кім қол ұшын береді. Өйткені тек кітапхана әрбір қоғамның мәдениетінің белгісі және өркениет түрінің көрсеткіші, мінездемесімен өмірінің бір көрінісі.

                           

   Кітапханада 2022 жылдан Майдан Ризагуль Бакытжановна қызмет етіп келеді. Кітапханада кітап көрмелері және мәдени шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

   Ауылда Кешенді блок модуль (КБМ құдығы) халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Операторы – Сейілханов Айдын Егінбайұлы.

   Шұға – Қарақоға – Басқамыс ауылдары арқылы аудан орталығына автобус қатынайды.Сейілханов Руслан Егінбайұы меншікті автобусымен үш ауыл жолаушыларына Шұға – Ақтоғай бағыты бойынша аптасына екі рет қызмет етеді.

АУЫЛ ТАРИХЫНАН

    Шұға ауылының тарихы тереңде. 1928 жылы ол Ақкөл болысының нөмірі 10-шы ауылы аталған. Болыстық кеңсе осында болған. Ауылда 400-ден астам отбасы тұрды. «Шұғада» белгілі ақын Естай,балуан Қажымұқан жиі болып, тұрғындардың алдында талай өнер көрсеткен. Бұрын «Дәнен» ауылына көршілес қоныстардың бірінде ағайын арасындағы алауыздықты тоқтатып, ынтымақтың көзі болып, кездойсақ қиын қыстау оқиғаларды сараптауда ақыл парасатымен өнеге болған Шұға есімді бәйбіше өмір сүріпті. Сол адамның есімі ұмытылмай 1934жылы «Жалғызқұдық» деген жерде колхоз құрылғанда тұрғындар оған «Шұға» атауын беруді мақұлдаған. Кейін Коминтерн атындағы совхоздың үшінші бөлімшесі болған. Қазір Жолболды ауылдық округінің құрамындағы елді мекен. Айналасында тау тасы болмағанмен, шалғайдағы қыр өңірінде орын тепкен Шұға ауылының тұрмысы жаман емес. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» демекші, қазақ үшін тіршілік көзі мал болғандықтан шөбі шүйгін, суы бал жерде төрт түлік мал өсіруге қолайлы. «Халықтың әні кетсе – сәні кетеді, сәні кетсе –жаны кетеді» демекші, ынтымағы жарасқанауыл адамдары қашанда бірлікті ұран еткен, айрандай ұйып отырған, түтіні түзу ұшқан, қаз қалпында сақталған шағын ауыл.

    Елді мекен 240адамнан тұратын, 40ауласы бар шағын ауыл болсада, өзін-өзі қамтып, мал өсірумен айналысып отыр. Өткен-кеткен адамдар біздің ауылға таң қалысып, ізгі тілектерін де жасырмайды.Ол рас. Ауылымыз шағын болғанымен көрікті де әдемі. Ауылымыз үшін игі істер жасап жүрген жандар аз емес.Қазақ халқының құрметпен қадір тұтатын қаншама мәдени ескерткіштері, қасиетті тарихи асыл заттары, мұралары ғасырдан-ғасырға сақталып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Тарихты жасаушы жалғастырушы халық десе, халқымыз ежелден білім,діни ордаларды – мешіттерді,мектептерді, медреселерді қасиетті орын деп қадірлеген. Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға ұрпақтар арқылы жалғасып келе жатқан асыл мұралары-халықты білімімен, дінге сауаттылықтарын ашу арқылы халықтың рухани байлығын арттырып отырған.

   19 ғасырдың басындакеңес үкіметі орнағанға дейін және одан кейін Жаңаталап (қазіргі Шұға) жерінде Ибраһим қажы мешіт салдырып ислам дінін уағыздаған, халықты имандылыққа тәрбиелеген. Ұрпақтары осы тарихи жерге ескерткіш белгі қойып, ата-баба аманатын орындап перзенттік борыштарын өткерді.

   Бұл туралы ең алғаш рет 2007 жылы 7 қазанда Шұғада ашылған жаңа мешіттің салтанаттың ашылуында сөз сөйлеген жерлесіміз, профессор Шаяхметов Тасболат ағамыздың өз аузынан естідік: «Өткен ғасырдың басында салынған Шұға жеріндегі мешіт 1930 жылдарға дейін жұмыс істеген. Кейіннен Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатына байланысты жабылған.

   Мұны айтып отырған себебім менің әкем Хасен осы мешітте арабша оқып, сауатын ашқан. Мешітті Меккеге қажылыққа барып қайтқан Ибраһим қажы бастап көтеріп салдырған. Мешіт сол кезеңдеШұға ауылымен көршілес ауылдардың діни орталығы болған. «Әсіресе жұма намазында кісі сыймаушы еді» деп әкем еске алып отыратын. Сондықтан бүгінгі ашылып жатқан мешіт Шұға жеріндегі екінші мешіт деп есептеңіздер», деп ағынан жарыла сөйлеген болатын.

    Шын мәнінде Кеңестік саясаттың дінге қарсы ұстанымы салдарынан қаншама медреселер, мешіттер жабылып, орны тегістелді. Діни адамдар қудаланып, жер аударылған. Кезінде Ақкөл, Басқамыс, Шұға жерінде арабша оқыған, сауатты діни, көзі ашық молдалар, имандар көп болған. Қожалар әулетінен: Солтан Қожа, Әшім Қожа, Аусағит Қожа, Жандарбек Қожа, Қайсар Қожа, олардың сонымен қатар емшілік тіпті көріпкелдік қасиеттері де көпке мәлім. Бұл туралы ел арасында тарқаған әңгімелер жетерлік.

    Сонымен қатар Шұға жерінде СмағұловАхметжан «Түйе» мұғалім атанған. Ахметжан молда, Құснидден молда, Аябай молда әрі емші,сынықшы болған.Ермек, Рахмет, Оқас, Нұрхай молдалар болған. Бертін ол кісілерден кейін Секербай,Қыздарбек, Мұғаммар молдалар діни,салт-дәстүрді, имандылықты уағыздаған.

    Сондықтан болар қазақтың қаймағы бұзылмаған,салт-дәстүрі сақталған. Әулие аталардың батасын алған Шұға ауылында 2007 жылы 7 қазанда жаңадан мешіт үйі ашылды. Сейсенбаев Қайролла есімді кәсіпкер ислам дінінің өркендеуіне үлес қосып,ауылымыздың қақ ортасынан күмбезі жарқырыған мешіт салды. Мешітті өз қаражатымен салып халықтың игілігіне берген осы Шұға ауылының тумасы Сейсембаев Қайролла Әшенұлы. Осы жерде туып-өскен, мектеп бітірген. Мешіттің ашылу салтанатына халық көп жиналды. Қуаныштан шашу шашылып, ақ тілектер айтылып, әруақтарға құран бағышталып, ас берілді.

   Мешіттің иманы болып Шілтібаев Қауаш Мұғаммарұлы тағайындалды. Мешіті бар ауыл иманды, берекелі болатыны анық.

   Сөз жоқ кейінгі ұрпақ имандылыққа бет бұрып,халқымыздың салт-дәстүрін сақтап өссе, Тәуелсіз еліміздің көркейе беретіні әлемге әйгілі болатынына сеніміміз зор.

   Кез келген елді мекеннің өсіп қалыптасуына әртүрлі жағдайлар әсер етеді Елді мекеннің өсіп-дамуына, көркеюіне білім ордасы мектептің алатын орны ерекше. Шын мәнінде ата-ана үшін ұрпақ баға жетпес қазына болса, ал ұрпақ үшін білім өшпес қазына, өмірлік серік.

   Шұға жерінде де 1934 жылы алғаш құрылған колхоздың ең басты міндеттерінің бірі – халықтың сауатын ашу, білім беру болатын. «Шұғада» оcы өлкеде тұңғыш бастауыш мектеп ұйымдастырылды.

   Оның ұйымдастырушысы және алғашқы мұғалімі Хасен Шаяхметов болды. Арғы аталары Шайхы-Ахмет қажы ХIХ ғасырда Меккеге қажылық сапармен барып, еліне оралған соң, ел жұрттың сауатын ашумен айналысқан. Жерлестерін арабша жазу-сызуға үйреткен. Қажының ұрпағы Хасен де өз заманында негізінен Кеңестік заманда сауатты да дарынды ұстаз атанған. Хасен Шаяхметов 1895 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Шұға ауылында туған. Ол медреседе оқып, 1912 жылы Жәдігер болысына қарасты Қызылжар мектебіне түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады. Сол жылы ол Семейдегі мұғалімдер даярлайтын екі жылдық курсқа түсіп, оны 1919 жылы аяқтаған.Малыбай болысы, №1 ауылға бастауыш мектеп меңгерушісі болып келеді. Кейін қазіргі Ақтоғай, Ертіс, Екібастұз аудандарында ұстаздық етеді. Сонымен бірге туған ауылы «Шұғадада» ұстаздық еткен. Сонымен бірге бастауыш партия ұйымына хатшылыққа сайланып, қоғамдық-cаяси өмірге белсене араласты.Өткен ғасырдың 30-жылдарында қазақ жерін ашаршылық жайлағанда, Хасен Шаяхметов Омбы жерінде бірер жыл бала оқытып, шағын колхозда ауылдық партия ұжымын да қоса басқарды. Соңғы жылдары «Новотроицкі» кеңшарындағы орта мектептің оқытушысы болып қызмет атқарды. Еңбек демалысына 1956 жылы «Ново-Троицк» совхозынан шыққан.

   Ерлі зайыпты Қақабай, Шамкен Жетпісбаевтар және Темірғали Абдрахманов осы жерде ұстаздық еңбек жолдарын бастаған. Кейіннен колхоз іріленіп 3 ауыл қосылған кезде мектеп 1951 жылы жеті жылдыққа айналады. Оның алғашқы директоры болып Зүпәш Тайтақовтағайындалған.1952-54 жылдары мектепке Рамазанов Хамза басшылық етеді. 1954 жылдан 1972 жылға дейін ұзақ жылдарда Нүкішев Қуантай директорлық қызмет атқарады. Мектеп жаңа ғимаратқа көшіріліп, 1960 жылдардан сегізжылдыққа айналды. Жылдар өткен сайын мектеп мұғалімдер ұжымы жоғары білімді мұғалімдерден толығады. Қаптай, Орынтай Молдабаевтар, Шүйкен Байшағырова,Жұмасейіт, Айтжамал Бижановтар, Мұратбай Шөпшин, Хамит, Күләтәй Нұрмағанбетовтар, Қымбат Рамазановалар және басқа да ұстаздар ұзақ жылдар шәкірттеріне сапалы білім беріп, бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған жандар.

Әр жылдары мектебімізде көптеген білікті,өз мамандығының хас шеберлерібасқарды. Атап айтсақ,жоғарыда атап өткен Қуантай Нүкішев (1954-1972 жылдары), Совет Сағынов (1972-1974 жылдары), Тілеулес Омаров (1974-1982 жылдары), Қабылбай Байғожин (1982-1984 жылдары), Сираж Ахметжанов (1984-2002 ж) жылдары, Ерден Махметов (2002-2007 жылдары), Самал Сейілханова (2007-2010 жылдары), ал 2010 жылдан бастап Бағадат Шілтібаев осы жауапты директорлық қызметті атқарып келеді. 1986 жылымектеп тағы бір мәрте жаңа ғимаратқа көшірілді. Ол қазіргі ауылымыздағы білім ордасы орналасқан ғимарат. 1992 жылы Ақтоғай ауданының сол кездегі әкімі Әбілхақ Түгелбаевтың бастамасымен Жаңаталап 8 жылдық мектебі Шұға орта мектебі болып қайта құрылды. Ал 1995 жылы 25 қаңтарда Ленин орденді ұстаз Хасен атаның 100 жылдық мерейтойы осы Шұға жерінде республикалық дәрежеде атап өтілді және осы мектепке Хасен Шаяхметов есімі берілді. Содан бері мектеп ұясынан қаншама шәкірттер білім алып,өмір жолына аттанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өсіп-өнуіне, дамуына үлестерін қосып жүрген мектеп түлектері қаншама. Солардың біразын атап өтер болсақ марқұм Жұмасейт Бижанов – журналист, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры, Төлеу Әріпбаев – 25 жыл бойы Красноармейка ауылшаруашылық техникумында директор болды, Зеннат Қозыбаева– Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі, Жұмағали Қоғабаев – бірнеше кітаптың авторы, ақын, Ерсайын Жетпісбаев – Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ұстаздық қызметте. Хамит Нұрмағамбетов ұзак жылдар бойы аудан мектептерінде директор болды. Фархат Әміренов республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі, Мауенова Нәзия – Канадада «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алды. Қайыргелді Қарлығаш – Семей медициналық университетінде жұмыс істейді. Атақты таэквондашы Мұстафа Өзтүріктің шәкірті Исатай Қабеков таэквондадан үш дүркін әлем чемпионы. Қай кезенде болсын мектеп – білім ордасы ғана емес, елдің ұйытқысы, халықтын мекені болған. Мектебі бар ауылдар күннен-күнге көркейіп келеді.

    Мектебіміз ауылдағы білім орталығы ғана емес,мәдени орталық,үгіт-насихат орталығы болып саналады. Тәуелсіздік жылдары мектептің материалдық-техникалық жабдықталуына көп көңіл бөлініп келеді.Қазіргі күні мектебіміз өмір талабына сай жабдықталған.

Шұғадан шыққан ғалым

   Ардақты ұстаз Хасен Шаяхметовтың қызы Майдан Хасенқызы да әкесінің жолын жалғаған ұстаз, ғалым, профессор.

   Майдан Қасенқызының туған жері – Павлодар облысы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданындағы Шұға ауылы. Ескіше оқып, хат таныған әкесі Қасен Семейдегі екі жылдық мұғалімдер даярлайтын институтты тәмамдаған. Мамандығы тарихшы. 48 жыл бойы ұстаздық еткен. Жемісті қызметі үшін алғашқылардың қатарында Ленин орденімен марапатталыпты. Қазақ ССР-іне еңбегін сіңірген мұғалім атағын иемденген.

   Абзал әкесі Қасен мен Бұлдықыз анасының тәрбиесін көрген Майдан сабақты жақсы оқыды. Орта мектепті бітіргесін өзі оқыған мектебінде жарты жылдай пионер вожатый болып жұмыс істейді. Бұдан соң орыс кластарында қазақ тілінен сабақ берді. 1961 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне құжаттарын тапсырып, сынақты мүдірмей өткен. Ол болса сенімді атқаруға тырысты. Осылайша студенттік балдәурен шақтар лезде өте шығып, 1965 жылы оқу орнын қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі мамандығымен бітіріп шықты. Павлодар қаласындағы №3 облыстық мектеп-интернатқа жолдама алды. Осында алты жыл ұстаздық етті. Осы мерзім ішінде ол жас жеткіншектерге сапалы білім және саналы тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсады. Жас ұстаз оқытудың жаңа тәсілдерін іздестірді. Қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін жабдықтады. Оның ішін оқу құралдарымен толықтырды. Педагогикалық оқуларда әдістемелік тақырыптарға байланысты жиі-жиі баяндамалар жасады. Оның осындай талпынысын, шығармашылық қабілетін дер кезінде аңғарған Алматыдағы оқулық авторлары, әдіскер ғалымдар, оған ғылыми жұмыспен шұғылдануға ақыл кеңес берді. Бұл шақыруды құп алған ол дереу Алматыға аттанды.

   1971 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің күндізгі оқу бөліміне аспирант болып қабылданды. Сөйтіп бірден ғылым жолына ден қойды. Аспирант кезінде ғылыми жұмысына Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Мәулен Балақаев жетекшілік етті. Ғалым ағаның басшылығымен көптеген ғылыми жұмыс, неше түрлі зерттеулер жүргізіп, көз майын тауысуға тура келді. «Қазақ тіліндегі бірыңғай мүшелердің көркем әдебиеттегі стильдік қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғамақшы болды. Бұл еңбегін ол 1975 жылы дайындады.

   – Диссертациям қолжазба күйінде әзір болғанымен, сол кездегі тәртіп бойынша ол орыс тіліне аударылып Мәскеудегі КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының қарауына жіберілуге тиісті болатын. Бұл жай маған ауыр тиді. Өйткені күрделі өлең, қара сөздерді аударту үшін ақын-жазушылардың көмегіне жүгенуге тура келді. Үш жыл ішінде жазған дүниемді орыс тіліне аударып, нар тәуекел деп Мәскеуге салып жібердім. Ол жақтан мақұлданғаны туралы хабар алғанымда қуанышымда шек болмады. Ақыры 1980 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясындағы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында ірі ғалымдардан тұратын ғылыми кеңесте филология ғылымы кандидатының дәрежесіне диссертациямды сәтті қорғап шықтым, – деген еді Майдан Қасенқызы.

   Ол 1977-1983 жылдар аралығында Қазақ ССР Оқу министрлігі жанындағы жоғары оқу орындарында арналған оқу методиалық кабинетте қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша аға әдіскер болып жемісті еңбек істеді. Ғалымдық жолын өрістету мақсатымен төрт жылдай Алматының қыздар институтында ұстаздық етіп, доцент болды.1987 жылы жолдасы Досанов Ғалымбек Көкшетау балық заводына директорлық қызметке жіберілді. Майдан Қасенқызы болса педогикалық институттың қазақ тілі кафедрасына жұмысқа орналысты. Мұнда да оқытушылармен тез тіл табысып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге белсене кірісті. 1991 жылдан бері қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі.Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол тынбай ізденістің нәтижесінде тіл маманы, ғалым атанды. Жазған ғылими зерттеулері ондаған баспатабақты құрайды. 30-ға тарта ғылыми еңбектің авторы атанды. Алматы,Қарағанды, Семей, Павлодар, Көкшетау,Қызылорда қалаларында өткен ғылыми практикалық конференцияларда баяндамалар жасады. Абай оқуларына қатысып, ұлы ақынның тіл мәйегін мектептерде оқып-үйрету жөнінде баяндама жасады. Бұл еңбегі жинаққа енгізілді.

    Майдан Қасенқызының ғылыми еңбектері мектеп өмірімен де тығыз байланысты екенін айтып өткен ләзім.Ол көтерген мәселерді Көкше өңіріндегі мұғалімдер сабақтарына кеңінен пайдаланылуда. Бірнеше мәрте облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының әдіскерлеріне ғалым ретінде қолғабыс жасады.Кафедра меңгерушісі ретінде атқарып отырған жұмыстары өз алдына бір төбе.Әр курс студенттері үшін лекциялардың мазмұнды болуына ерекше назар аударады. Сондықтан болар тіл білімі мен тіл тануға арналған сабақтарды болашақ мамандар зейін қоя тындайды.Университетте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдерін даярлайтын экспериментальды топ жұмыс істейді. Бірнеше топтар бітіріп шықты да. Олар орыс мектерінде қазақ тілінен сабақ беруде. Осы топта оқып жатқан студенттердің білім дәрежесін саралап отыруды Майдан Қасенқызы тікелей өз мойнына алған. Ол оқытушылармен жиі әңгімелесіп, әр сабақтың сапалы өтуіне бақылау жасаудан жалыққан емес.

   2008 жыл ғалым үшін қуанышқа толы болды. Қазақ-түрік лицейі ұйымдастырған «Жыл ханымы» байқауында екінші жүлдегер атанды.Ал 2009 жылдың сәуір айында Көкшетау университетінің профессоры деген құрметті атаққа ие болды.Мұндай дәрежеге ол бойындағы адамгершілік қасиеттің молдығынан, ғылым жолындағы тынбай ізденістің нәтижесінде қол жеткізі деуіміз керек. Қасен әулетін ғалымдар ордасы деседе болады. Ағасы Тасболат Қасенұлы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін басқарды. Қызы Жанат университеттің көркем сурет факультетін бітірген, ұлы Дәулет экономист. Ғылым жолында тынбай ізденіп келе жатқан Майдан Қасенқызы міне осындай жан.

Ешкімде ешқашан ұмытылмайды

Ұлы Отан соғысында гитлерлік фашизмнің Кеңес Одағын жаулап алу мақсатындақанқұйлы шапқыншылықтары жер әлемінде бұрын-соңды болмаған қайғы-қасіретке, орасан зор адам қырғынына ұшыратқанды.Кеңес халқының Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында Жеңіске жетті. Иә, Отан – ана өзінің 27 миллион ұлдары мен қыздарынан айырылды. Олар дала төсінің ерлері, инжинерлер мен ғалымдар, қысқасы адамдардың зор бақытын жасаушылары бола алатын еді. Өмір мен өлім арасында отты майдандарда қазақстандықтар, солардың ішінде өзіміздің осы Шұға ауылының өрімдей азаматтары қыршын кетті. Зұлым жауға қарсы күреске 1 миллион 200 мың қазақстандық қатысты.Олардың 200 мыңнан астамы ордендермен және медальдармен награтталды. Ал 500-і Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды. Жеңісті жақындатуға біздің ауданымыздың халқы да өзіндік үлес қосып, тарих шежіресінде өз іздерін қалдырды. Бұл соғыстың аяқталғанына қанша жыл уақыт өтті, бірақ соғыс әкелген қайғы мен азапты біздің халқымыз ешуақытта есінен шығармайды.Соғыста қаза тапқан ерлерді ешқашан естерінен шығармайды. Сол соғысқа біздің ауылдың азаматтары да Ұлы Отан соғысына қатынасып, ел қорғады.

Ол қаҺармандар:

1.Әміренов Қыздарбек    

2.Аханов Қабдынасыр    

3.Біләлов Әділбай      

4.Салықов Қабдыраш   

5.Ысқақов Рүстембек      

6.Назаров Тұрғынбай      

7.Оспанов Құрман      

8.Жанбосынов Қабдрахман                                                                                         

9.Тоғайбаев Оқас                                                                                                                                   

10.Уәлиханов Тоғайбай

11.Усмағамбетов Нұрхай

12.Арынов Бекен

13.Сейсенбаев Әшен

14.Жетпісбаев Қақабай                                                                         

Тыл еңбегінің ардагерлері:

1.Аханов Қарабай

2.Абжанова Қорлығайын

3.Әміренова Бәтима

4.Ержанов Мұқан

5.Жетпісбаева Шәмкен

6.Жетібаева Зұбайра

7.Уалиханов Тоқтыбай

8.Шілтібаев Мұғаммар

9.Әбілдинова Паруза

10.Айтбергенов Сәрсенбек

11.Оспанов Қайыржан                                                                                                                                                                                                    

12.Бөгембаев Саттар

13.Айтмаев Кәкібай

14.Әбілжанов Қайыргелді

15. Сәдуов Жақан                                                                                                                                                                                                   

16.Омарова Мәнзума                                                                                                                                                           

17.Арынова Қапия       

    2015 жылы мектептің жанында ауыл азаматтары Ержанов Ақылбек пенРүcтембеков Алтынсарының ұйымдастыруымен 9 мамырда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына Ұлы Отан соғысына қатынасқан соғыс және тыл ардагерлеріне ескерткіш тақта орнатылды.Оқушылармен тұрғындар аталарының тақтасына келіп тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды.

Ауылдағы тыл ардагерлері

   Уәлиханов Тоқтыбай 1933жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданының Кайманичиха совхозында туған.Ауыл мектебінен 6 кластық білім алған. Ұлы Отан соғысының ел ішіндегі қиын-қыстау шақтарында 10-11 жастағы ауыл баласы Тоқтыбай ересектермен бірге жүріп, колхоздың қой-ешкісін бағады. Егістіктің арамшөбін отасады. Шабылған шөпті қариялармен бірге жүріп үйіседі. Қолынан келген басқа да колхоз шаруасын тәулігіне 6-7сағаттан жүріп тындырған. 1952-1955жылдары Кеңес Армиясында болып, Отан алдындағы азаматтық міндетін атқарды. Армия қатарынан елге оралған соң,Шұға колхозында қырман меңгерушісі, есепші болып, 2 жылдай еңбек жасап, 1957 жылдың ақпанынан 1964 жылға дейін Коминтерн совхозында есепшілік қызметін атқарады. 1965-1970 жылдар аралығында Шұға ауылына қайта оралып, сауда дүкенін ұстап, сатушылықпен айналысады.1971-1975 жылдары. осы ауылда бұрынан өзіне етене жақын есепшілікпен қайта айналысады.

   1976-1989 жж. аралығында Коминтерн совхозының бөлімшесі Шұғада зоотехник ретінде бұған дейінгі атқарған қызметінен өзгеше тікелей мал шаруашылығына ойысады. 1989-1993 жылдары осы бөлімшеде жем-шөп үлестіруші жұмысына тағайындалады. Бұл жұмысынан зейнеткерлікке шығады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария Күләш Солтанқызымен отасып, 48 жыл бойы биік шаңырақтың берекесін тасытқан. 6бала өсіріп, тәрбиелеген. Бәрінде оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып,немере-шөбере сүйіп отыр. Бірақ балаларының анасыбұдан бірнеше жыл бұрын дүние салды.

 

«ШҰҒАДА ТУҒАН – ШЫН БАҚЫТ!»

   2022 жылы тамызда Шұға ауылында дәл осындай атаумен ауқымды іс-шара өтті. Бұл күні шұғалықтар ауылдың жаңа стеласын салтанатты түрде ашып, дүйім жұртшылықтан сүйінші сұрады.

   Алыстан менмұндалып тұратын жаңа стеланы ауыл азаматтары өз күшімен жасағанын атап өту керек. Идея авторы – Мақсұт Секенов. Ал жаңа стеланың сызбасын жергілікті тұрғын Әкімбек Ержанов жасады. Әріптерді темірден ойып, дәнекерлеген – Нариман Аханов. Кәсіби түрде сырлау жұмыстарымен Дарын Мейрамов айналысқан. Сәуір айында басталған игі бастама тамыз айының соңында ойдағыдай аяқталды.

   Стеланы ашылу бақыты ауылдың ақсақалдары Тоқтыбай Уәлиханов пен Тұрсынтай Шілтібаевқа, сондай-ақ биыл мектеп табалдырығын аттаған Балым Ерланқызы мен Досымжан Манатұлына бұйырды.

   Шұғалықтардың қуанышына ортақтасқан Жолболды ауылдық окургінің әкімі Хамит Ахтановтың айтуынша, ауыл тұрғындарының ортақ іске жұмылуы өзгелерге үлгі боларлық өнеге. Әкім Шұға жастарының Ақтоғай ауданының қоғамдық, спорттық және мәдени өміріне белсене араласып келе жатқанын атап өтті. Бұл ретте ол аударыспақтан облыс чемпионатында күміс жүлдегер атанған Рысқұл Қазыкен мен ұлттық спорттың дамуына үлес қосып келе жатқан Азамат Мәуеновті марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

   – Қазір тойдың дені қалада өтетін болды ғой. Ауылға көп жағдайда өлім-жітімге ғана барады екенбіз. Әрине, туған топыраққа жаназа мен құдайы асқа емес, тойға жиналғанның жөні бөлек. Сондықтан биыл ауыл азаматтары Шұғаның кәрі-жасына ортақ бір шара ұйымдастыру жағын ойластырған еді. Оған «сылтау» да табыла кетті. Ауылдың кіреберісіндегі жазу ескірген екен. «Ендеше алыстан менмұндалап тұратын стела орнатайық» деген идея тасталды ортаға. Бұл осы жылдың сәуірі болатын. Міне, 28 тамызда осыдан бес ай бұрын басталған жұмыстың нәтижесін көріп, иықтан ауыр жүк түсті. Стеламызды салтанатты түрде ашып, ауылдың ойдағы-қырдағы кәрі-жасын тегіс жинап, ұлан ғасыр болмаса да, жас ұрпақ өнеге алар іс-шара ұйымдастырылды. Бір атап өтерлігі, бұл іс-шараға әу бастан сырттан адам тартпауға келіскенбіз. Солай болды да. Стеланың сызбасын ба, сұлбасын да, сырлауын да өзіміздің жігіттер атқарды. Әйтпесе, дәл осындай жұмыстармен айналысып жүрген шеберлерді жалдауға болатын еді. Стеланың дайын үлгілерін таңдай салуға да мүмкіндік бар еді. Біз сәл қиындау жолды таңдадық және мұнымыз өте дұрыс болған секілді. Салтанатты концертте де өзіміздің өнерпаздар ғана өнер көрсетті, – дейді іс-шараны ұйымдастырушы Ербол Дүйсенов.

    Ардагер ұстаз Сираж Ахметжанов бұл күнгі шараның неліктен «Шұғада туған – шын бақыт!» деп аталғанынга тоқталды.

    – Әрине, «Шежірелі Шұға», «Шұғылалы Шұға», «Шырайлы Шұға» деген атауларды да қоюға болар еді. Бірақ біз шамалы кеңірек қамтиық әрі ел азаматтарының бойында мақтаныш сезімін оятайық деген ниетті ұстандық. Шын мәнінде, «Шұғада туған» деген – үлкен статус. Мұндай мәртебе Шұға топырағында өсіп-өнгендерге ғана беріледі. Бұл пешенемізге жазылған десек те болар. Сондықтан өле-өлгенше өмірбаянамызда «Шұғада туған», «Шұғада тұрған», «Шұғада оқыған», «Шұғада еңбек еткен» деген қосымша сөздер қатар жүреді. Түптеп келгенде осының бәрі «Шұғада туған» деген бір ұғымға сыйып тұр. Ендеше бұл шын бақыт емей немене?! – дейді ардагер ұстаз.

    Ұйымдастырушылар бұл іс-шара үлкен той алдындағы дайындық екенін еске салды. Өйткені, ауыл тұрғындары алдағы уақытта бұдан да ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

    – Ауылымыздың қай уақыттан бері Шұға аталғаны, неге олай аталғаны туралы нақты дерек жоқ. Үлкендердің айтуымен жеткен болжам ғана бар. Олардың айтуынша, ертеде бұл төңіректе Шұға есімді парасатты бәйбіше болыпты. Соның құрметіне аталған екен. Қысқасы, ресми дерек жоқ. Осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін биыл Павлодар облысының мемлекеттік архивінде жұмыс істедік.

    Архив деректерінен ұққанымыз, ауылымыз әр жылдары Жалғыз құдық және 10-шы ауыл деп аталған екен. Қазіргі атауы – Шұға. Ескірген екі картадан «Шога», «Шега» деген атауды кездестірдік. Орыстар тілі келмеген соң Шұғаны «Шога», «Шега» деп жазған секілді. Бірінші карта «Карта Павлодарского округа» деп аталады. 1920 жылғы екен. Біздің ауылдың қазіргі территориясы «Урочище Шега» деп көрсетілген. Екінші карта 1931 жылы құрастырылған. Бұл карта «Схематический чертеж обследований территори труд. сектора 9 и 10 аулсоветов» деп аталады. Бұдан кейін біздің ауыл туралы деректер сақталған ескі папка қолымызға тиді. Мұқабасында «Материалы на землеустроиству селхозартели «Шога» 10-го аулсовета Кызыл-Агачского района за 1929 год» деп жазылған. Бұл папкада ауылда өткен жиындардың хаттамалары, отбасылардың тізімі бар. Төте жазумен жазылған парақтар да жүр. 1929 жылғы 13 шілдеде әзірленген отбасылық тізім бар. Оның сыртында «Посемейный список граждан с/х артели «Шога» округа Павлодарского района Кзыл-Агачевского быв. Волости Ак-кульской аула №10» деп жазылған. Онда есімдері аталған адамдардың біразының ұрпақтары қазір ауылда тұрып жатыр.

   Қысқасы, біздің ауылдың қай уақыттан бері Шұға аталғаны туралы дерек кездеспеді. Ал картадағы деректерге сүйенсек, Шұға деген атаудың берілгеніне 100 жылдан асып кеткен сыңайлы. Бір жағынан ауылдың аты Шұға болмауы да мүмкін-ау деген ой келді. Өйткені, қазақтардың әйел есімін жер-су атауына беруі сирек кездеседі ғой. Осындай да бір ой жылт етті. Шұға – матаның бір түрі. Орысшасы – сукно. Бильярд столындағы жасыл матаны шұға дейді. Осы орайда, бізге қолғабыс жасаған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының және Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің басшылығына ерекше алғысымызды білдіреміз, – дейді журналист Фархат Әміренов.

    Бұл күні Шұға ауылында көкпар, дәстүрлі садақ ату, қошқар көтеру, арқан тарту, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қошқар көтеруде баянауылдық Әділхан Қабылда жеңіске жетсе, гір тасын көтеруде шұғалық Азамат Мәуеновке тең келер ешкім болмады. Көкпар додасында Ақкөл ауылының командасы жеңіске жетті. Екінші орын Жолболды жігіттеріне бұйырса, үштікті Шұға командасы түйіндеді.

   Жиналған жұртшылыққа концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда жергілікті өнерпаздар ғана өнер көрсетті. Сонымен қатар аруақтарға құран бағышталып, ас берілді. Ауыл халқы тамаша тойдан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Шұғадан шыққан журналистер

Ағайынды Жұмасейіт пен Жұмағали Қоғабаевтар

    Бижан Жұмасейіт Қоғабайұлы – Краснокутск ауданының Шұға ауылында 1940 жылы 24 ақпанда туған. Павлодар облыстық Журналистер одағының Ермаков атындағы сыйлығының лауераты (1981), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауераты (1982),  КРСО теледидары және радиосының үздігі төс белгісінің (1991), Қазақстанның Құрметті журналисі төс белгісінің (2009), С.Торайғыров атындағы сыйлықтың лауераты (сертификат) (2011). Еңбек жолын 1957жылы «Коминтерн» совхозында тракторшы болып бастады. 1958-1962 жж. Жаңаталап сегіз жылдық мектебінде мұғалім.1962-1966 жж. Қарағанды педагогикалық институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып бітірді. 1966-1974 жж. мұғалім, Краснокутск аудандық «Білім қоғамының» жауапты хатшысы, Қазақстан Компартиясы Краснокуск аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық атқару комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі.

    1974-1976 жж. Екібастұз ауданы «Вперед-Алға» газетінің редакторының орынбасары.1976-1978 жж. Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімшесінің тыңдаушысы болып, журналист мамандығын иеленді. 1978-1979 жж. Екібастұз АКӨБ бастығының кадр және тұрмыс жөніндегі орынбасары, Екібастұз қалалық атқару комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1979-1997 жж. Павлодар облыстық телерадиокомпаниясының редакторы, аға редакторы, саяси шолушысы, бас продюсері, Павлодар облыстық телерадиокомпаниясының орынбасары. 1997-2000 жж. облыс тілдер басқармасы бөлім бастығы, облыс әкімі аппараты жұртшылықпен байланыс бөлімінің коньсультанты. 2000 ж. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің БАҚ-тармен байланыс жөніндегі бас маманы және аудармашы. 2002-2005жж. Павлодар облыстық теледидарының редактор үйлестірушісі. 2005-2012жж. ПМУ-дің «Білік» газетінің редакторы, аға оқытушы, Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және инновациялық технологиялары ҒПО-ның ғылыми қызметкері, 2009жылдан журналистика кафедрасында аға оқытушы, доценті, Е.Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ҒПО-ның аға ғылыми қызметкері. 2011жылғы31қыркүйекте С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры академиялық атағына ие болды. Ол «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен (1963), «Социалистік жарыс озаты» төс белгісімен (1974), КСРО Мемлекеттк телерадиокомпаниясының, Қазақ ССР-ы Мемлекттік телерадиокомпаниясының Құрмет громатасымен (1988-1989), облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен (2000), облыс әкімінің грантымен (2008), С.Торайғыров атындағы медельмен (2010) марапатталды. Жұмасейіт Қоғабайұлы – «Замандастар тағылымы», С.Мағзұмовпен бірлескен авторлық туынды «Ардақты елім - Ақтоғай» кітаптарының, «Дал уалаяты» газеті (1888-1902) : жеке тұлға және қоғам тақырыбына жазылған монографияның, 50- ден астам ғылыми мақалардың, Республикалық және облыстық теледидардан «Көзқарас», «Дәуір» айдарымен берілген телехабарлардың авторы, 2011жылғы қазан айында баспадан жарық көрген «Исабек ишан» атты кітаптың авторы.

        

    Жұмағали Қоғабай -1949 жылғы 4қарашада Краснокутск ауданының Шұға ауылында туды. Ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2012), Исабек ишан тұлғасын сомдауға орай жарияланған «Алладан нұр дарыған» шығармашылық байқауының жеңімпазы (2011). 1972-1976 жж. Қарағанды Мемлекеттік университетінде оқып, филология факультетін бітірді. 1976 жылы Екібастұз Педагогикалық училищесінде оқытушы болды. Шығармашылық жұмыспен айналысу мақсатында Екібастұз ГРЭС-1 өндіріс саласында қызмет істеді. 1985-1989 жж. облыстық «Қызыл ту» газетінің корреспонденті болды. 1989-1992 жж. Екібастұз қалалық радиосының бас редакторы лауазымын атқарды. 2000 жылдан бері Екібастұз «Богатырь» разрезінде Баспасөз қызметінің редакторы. Ұзақ жылдар бойы қоғамдық негізде Екібастұз қаласының «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарды. Ол- «Екібастұздан ескен леп» (1995,Алматы), «Дүмпуі көп дүние» (2001), «Жаңбырлы күн» (2004) өлеңдер жинағының, Қазақстан жазушылар одағының ұсынуымен «Баянауыл басында» (2007) атты 77ақынның таңдамалы жиналығында жарық көрген бір топ өлеңдерінің, «Дала қыраны» (2010), « ГРЭС-1 богатое прошлое –большое будущие» (2011) очерктер жинағының авторы.

   

Фархат Қайратұлы Әміренов

    Спорт сарапшысы. Атақты әнші-сазгер Естай Беркімбайұлының ұрпағы. 1992 жылы 9 мамырда Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Шұға ауылында туған. Ақтоғай ауданына, Ақкөл Жайылма атырабына, жалпы облысқа танымал шежіреші, дін білгірі, абыз ақсақал Қыздарбек Әміреновтің отбасында дүниеге келген. Әкесі Қайрат 37 жасында дүние салған. Анасы Маржан – мұғалім. Отбасындағы үш баланың ортаншысы. 

  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (2011 жыл).

  Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2022 жыл).

  Республикалық Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2014 жыл).

  ҚР Президенті журналистік арнаулы тілшісі.

  Павлодар облысы әкімі грантының иегері (2017 жыл).

  Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталған.

  Шұға ауылындағы Х.Шаяхметов атындағы орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық Абай және Мұқағали оқуларының үшінші орын иегері атанды. Сондай-ақоқушы кезінде журналистикадағы ұстазы Төлеубек Қоңырдың жетекшілігімен «Арнадым, ата, жырымды», «Ат аунаған жерде түк қалар» атты шағын жинақтарын шығарды. Оқушы кезінде жазған өлеңдері мен мақалалары Ақтоғай аудандық «Ауыл тынысы», Екібастұз қалалық «Отарқа», облыстық «Сарыарқа самалы» және «Ұстаздар газеті» газеттерінде жиі басылып тұрды.

  С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдады. Бірінші курстың студенті бола жүріп, облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне жұмысқа орналасты. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде спорт журналисі, спорт және экономикалық тақырыптар шолушысы, экономикалық тақырыптар бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.

  Облыстық газетте 7 жыл қызмет атқарған соң ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына ауысты. «Atameken Business» медиа холдингіне қарасты abctv.kz және inbusiness.kz ақпараттық-сараптамалық порталында тілші-шолушы болып жұмыс істеді.

  2020 жылы Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жұмысқа ауысты. Экономика бөлімінің тілшісі, кейін шолушысы, сосын бөлімнің меңгерушісі болды. Қазір газеттегі Білім және ғылым бөлімін басқарады.

  Бүгінде Естай Беркімбайұлының өмірі мен өнерін зерттеумен айналысып жүр.

Спорт майталманы Исатай Кабеков

    Кабеков Исатай Шотжанұлы -1967жылы Ақтоғай ауданы Шұға ауылында дүниеге келді. 1982-1985 жылдары павлодар совхоз техникумында оқып, мал дәрігері мамандағын алды. «Коминтерн» совхозында суретші болыпжұмыс істеді. 1990-1994 жылдары Алматыдағы көркем сурет училищесін бітірді. 1999-2002 жылдарыАлматыдағы Абай атындағы педогогикалық университетін тәмамдады. 2009-2011 жылдары Алматы туризм және спорт акедемиясын бітірді. 1988-1989 жылдары кунг-фу және каратэ, 1990 жылдан бастап таеквондо спортымен айналысты. 1990-1992 жылдары Мұстафа Өзтүрік мектебінің аға жаттықтырушысы болды. 1992-1993 жылдары Қазақстан таекводо федерациясының аға жаттықтырушысы, вице –президент қызметін атқарды. 1993 жылдан бері таеквондодан «Исатай» спорт клубының төрағасы. 1993жылы Түркияда өткен халықаралық жарыстың қола жүрдегері. 1995-1996 жылдары халықаралық жарыстардың жеңімпазы. 2009-2010 жылдары Оңтүстік Кореяда екі дүркін Әлем чемпионы болды. Халықаралық дәрежедегі төреші, спорт шебері. Әлемнің  үш дүркін чемпионы.

Өнерімен елді тәнті еткен әртіс еді

   Оқасов Бекболат Қабиденұлы 1975 жылы 17 қыркүйекте Ақтоғай ауданы Шұға ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы театр және көркем сурет институтын бітіріп, содан бастап Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрында қызмет атқарды. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленгендарынды әртіс Ж.Артықбаевтың «Малайсары тархан» пьесасында Малайсары бейнесін сомдады,М.Шахановтың «Отырар дастаны» пьесасында Шыңғыс хан, Ж.Аймауытовтың «Шернияз» пьесасында Шернияз, «Бөлтірік бөрік астында» Арыстан, И.Сапарбайдың «Сыған серанадасында» Абзал, М.Әуезовтың «Айман - Шолпан» Маманбай, «Еңлік -Кебек» Кебек, «Ақнұр» Қылышбай, Е. Төлеубаевтың «Оян қазақ, ойлан қазақ» Міржақып, Ж.Шаниннің «Арқалық батыр»  Арқалық батыр бейнесін сәтті шығарды. Көптеген жетістіктерге қол жеткізіп марапаттарға ие болған. 2004жылы Павлодар облысы мәдениет департаментінің құрмет грамотасымен марапаталды.2008 жылы қалалық мәдениет бөлімінің алғыс хаты берілді. 2008 жылы ҚР Тұңғыш Президент Қорының лауеараты атанды.  2012 жылы Павлодар облысы әкімінің грантының иегері. 2012 жылы «Павлодар облысына 75жыл» мерейтойлық медалімен наградталды. 2012жылы «Қазақстан халқының рухани даму қоры». АҚ. Жаппай мерекелеу және қойылымдар режиссурасы (театрландырылған концерттер режиссурасы, жаппай спорттық мерекелер режуссурасы, қала мерекесінің режиссурасы)» тақырыбы бойынша біліктілігін арттырып, сертификатка ие болды.2014жылы қыркүйек айынан Ж.Аймауытов театрының көркемдік жетекшісі болды. 2018жылдың 25 наурыз күні 43жасқа қараған шағында Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка драма театрының белді әртісі, ҚР Тұңғыш Президент Қорының лауеараты Оқасов Бекболат Қабиденұлы өмірден озды.

ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ҰЛЫҚТАҒАНДАР

   Шұға ауылында ұлттық спортты жанашырлары тұрады. Олар – ағайынды Азамат және Ерлан Мәуеновтер. Олардың облыс көлеміндегі спортсүйер қауымға кеңінен таныс. Азамат гір тасын көтеру, қазақ күресі секілді спорт түрлерінен аудандық спартакиадаларда талай мәрте топ жарса, Ерлан көкпар мен аударыспақтан облыс құрамасының сапында республикалық додаларда талай мәрте бақ сынаған. Аударыспақтан ел біріншілігінің жүлдегері атанғаны да есімізде.

   Міне, ауылдағы ұлттық спорттың дауымына ағайында Азамат пен Ерланның сіңірген еңбегі зор. Олар ауылдың көкпар құрамасын жасақтап шығарды. Серікболсын Қазыкен, Рысқұл Қазыкен, Алмас Майдан, Заманбек Майдан, Рыскелді Дүйсенов, Айдос Дүйсенов секілді жастарды тәрбиелеп, қатарға қосты. Бүгінде бұлардың дені аудандық, облыстық, республикалық додадарда абыроймен өнер көрсетіп жүр. Мәселен, Серікболсын былтыр Алматыда өткен біріншілікте облыстың намысын қорғады.

  Сондай-ақ биыл Серікболсын Қазыкен, Рысқұл Қазыкен, Алмас Майдан Ақтоғай құрамасының сапында жастар арасындағы Павлодар облысының чемпионатында топ жарды. Енді олар Шымкентте өтетін республикалық жарыста облыстың намысын қорғайды.

   Ауылға арналған жерлестеріміздің жыр шумақтары

   Ақын Жұмағали Қоғабаевтың «Қыр баласының назы» өлеңі

Қырда өскен «Шұға» ауылы баласымын,               

Әулие, Бәсентиын көлдерім -ай,                                                                               

Тұрғынымын Екібастұз қаласының.                       

Ақкөл жайылмадай елдерім - ай.                                                                                                                               

              ****                                                               

Сағынған кездерімде дала төсін,                                  

Шілікті мен Жалаулы байтақ елім,                                                                                                                                                                                          

Толады тамшыларға қарашығым.                               

Жүрсемші қанжығама өңгеріп- ай.

Тартып ап табиғаттың жарасымын,                            

Жер судың алқаларын тағынамын,                                                                                                                                                             

Су бердік шлюздермен,Қарасуым!                              

Мақсатым өмір сүру мағыналы,                                                                                                                                                                                                

Шідерті бұрынғыдай тасымайды, 

Ақтоғай еске түсіп кеткен кезде,                                                                                                                                                                         

Түсіндім аққулардың адасуын.                                

Ардақты ағаларды сағынамын.

 Ауыл ақсақалы Шілтібаев Тұрсынтайдың мешіттің ашылу тойынашығарған өлеңі

Жаңа мешіт сап берген,                                

Қажылар мен имамдар,                                                                                                                                                                                                          

Ауылыма бауырым.                                      

Келдіңіздер ауылға.                                                                                                                                                                                    

Аунаттың ғой әкеңнің,                                  

Хабарласқан сіздермен,                                                                                                                                                                                                

Бүгін міне аруағын.                                       

Әшенұлы Қайролла.

Бүгін мұнда жиналған,                                  

Игілікті іс жасап,                                                                                                                                                                                                       

Бар ағайын құптайық.                                    

Баршамызды жинаған.                                                                                                                                                                                                         

Маңдайшаға мешіттің,                                   

Басы аман деніңе,                                                                                                                                                                                                                    

Әшен атын жазуың.                                         

Саулық берсін бір Алла

                           07.09.2007 жыл Шұға ауылы.

Айтыскер ақын Абзал ҚАБДРАШТЫҢ Шұғаға арнаған арнауы

ШҰҒАНЫҢ АУАСЫ - ЕМ, СУЫ – ШҰБАТ

Салты мен дәстүрінде жүйе қалған,

Көзінің қарасындай ие болған.

Суы менен ауасын айтпағанда,

Топырағының шаңына кие қонған!

Бұл Шұға - бар Кереку тамсанған жер,

Қажымұқанды құшаққа ап, қарсы алған жер.

Серілердің айналып мекеніне,

Естай бабам ат тіреп, ән салған жер

Аумағынан шашылған жылы шуақ,

Шұғаның ауасы - ем, суы - шұбат.

Бұл ауылдан кім шықты деп сұрамай,

Кім шықпады дегенің дұрысырақ.

Куәгер болдыңыздар бүгін бәрің,

Тұлпар қылып өсірді ол құлындарын.

Шаяхметов Хасенді кім білмейді,

Мектеп ашып, сіңдірген білім нәрін.

Сол Хасеннің баласы Тасболат та,

Ие болды ұстаздай асқақ атқа.

Жұмасейіт Бижандай журналист те,

Қанат бітіріп берген жас талапқа.

Жұмағали Қоғабай - ақын ағам,

Байқайсың өлең жырдың отын одан.

Әртіс Бекең Оқасов - Президент

Сыйлығын ап көрінген сахнадан.

Таэквондода танытып дарынын дәл,

Чемпион болған баһадүр, жалыным бар.

Мұстафа Өзтүріктің төл шәкірті,

Исатай Қабековтей нар ұлым бар.

Қара сөзбен жеткізіп толғанысын,

Жеңімпаз боп бітірген әр жарысын.

Әміренов Фархат та - осы ауылдан,

Абыроймен қорғайтын ел намысын.

Осындай жандар шықса кіл арайлы,

Болашағын жұртымның гүл орайды.

Мықтыларды тудырған алтын құрсақ,

Бұл Шұғаның жалауы құламайды.

Айбозына айналған аламанның,

Ұрпағы да жалғасы даралардың.

Шығармаға лайықты өмірлері,

Шұғада туып-өскен әр адамның.

Айтыскер ақын Рауан ҚАЙДАРДЫҢ Шұғаға арнаған арнауы

ОРНЫ БӨЛЕК ШҰҒАНЫҢ БІЗДЕР ҮШІН

Орда болған Ақтоғай – кіл арысқа,

Ортақ болып жүретін қуанышқа.

Орны бөлек Шұғаның біздер үшін,

Орталықтан жатса да тым алыста!

****

Адамдары ақ пейіл, жанға жақын,

Азаматтар шығарған аудан атын.

«Ақсақалды аталар көп ауыл деп»,

Ақ келін боп түскендер таңғалатын.

****

Тұрғындардың жаралған жаны ізеттен,

Қонағына қарайтын бәрі ізетпен.

Хат танытып қаншама ұл мен қызға

Халықты ойлап, Хасендей абыз өткен.

****

Жолдас болып тілшілік сыйлы ізбенен,

Жақсылардан жалғасқан күйді үзбеген.

Жұртын ойлап Жұмасейіт, Жұмағали

Жұмыр басын жастыққа тигізбеген.

****

Ерлігіне куә ғой күллі Алашым,

Исатайдай көтерген бір баласын.

Таэквондадан үш дүркін чемпион болды,

Табиғаты Шұғаның шыңдағасын!

****

«Лашын» деген біледі ғажап атын,

Қиянатқа қимайды қазанатын!

Берекелі бұл ауыл ұмытпайды,

Бекболаттай бетке ұстар азаматын!

****

Бір қызы бар Нәзия тәлім қуған,

Ауылының ауасы сағындырған.

Алақандай Шұғадан түлеп ұшып,

Алатаудай АҚШ-ты бағындырған!

****

Фархат деген ұлы бар, білікті айқын,

Дүниеге құл болып, құнықпайтын.

Еңбек етіп жүрсе де Елорда да

Еңбектеген ауылын ұмытпайтын.

****

Шұға деген киелі есіміңнің,

Жаман аты шықпаған еш ұлыңның.

Талай-талай тектіні тербеткен жер,

Берекесі қашпасын бесігіңнің.

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған