"Біздің жерлестеріміз" Жоламан ауылының шежіресі

29.11.2021

"Біздің жерлестеріміз" Жоламан ауылының шежіресі

Жоламан ауылы

   Бұрында бұл жерде өз әскерлерімен үш күн бойы  Жоламан атты әскер басшысы демалған екен. Соның салдарынан  ауыл «Белеш »деп атанған.

   1995 жылдан бастап бұл ауыл Жданов совхозы болған ,одан бұрын Чкалов совхозы деп атанған.1995 -1997 жж. «Жоламан» колхозы болып  атанды.

   Қазіргі кезде Ақтоғай аудандық округіне қарасты «Жоламан» ауылы.

   Осы ауыл шежіресінде  аты әлемге әйгілі осы өлкенің азаматтары жайлы қысқаша мағлұмат ұсынылады.

   Ақтоғай жерінің  бірегей зиялы азаматы,Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ардагер ұстаз  жерлесіміз, Мундуйнов Еркін өзінің ақындық шеберлігімен елге танылған азамат.Ақынның өлкетану саласына байланысты жазған бірнеше кітаптары жарық көрген.

   Педогогикалық және журналистік еңбектері бойынша алған марапаттары:

   Облыстық «Қызыл ту» газетінің Алғыс хаты,ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жұмабай қажы Ықыластың Алғыс хаты, Қазақстан Журналистер Одағы, Павлодар облыстық филиалының дипломы, Облыстық «Ұстаздар газеті» редакциясының алғыс хаты, т.с.с көптеген марапаттардың иегері. Қазіргі күнде 86 жаста. Халқымыздың аяулы ұлы, бетке ұстар шамшырағы, Мәрден ұлы Нұрмұхамбет жәйлі.

    Сталиндық зұлматқа ұшырап,істі болу тарихы айтылады. Батыс Сібір өлкелік сот алқасының (үштіктің) үкімімен «Халық жауы» деген айып тағылып,жазаның ең ауыры-ату жазасына кесіледі. Туған халқын, Отанын шексіз сүйген есіл ер

    Мәрденов Нұрмұхамбет бар-жоғы 32 жасында осылайша мерт болады.

    Осыдан бірер жыл бұрын, балалары әкесінің жерленген жерінен (Омбы облысынан) ата қонысы–Жоламан ауылына топырағын әкеліп, мәрмәр тастан биік етіп мәңгілік ескерткіш орнатты.

   Ауылда туып-өскен, сол ауылдың тағдырымен, өсіп-өркендеуімен өзтағдырын егіз бағалаған Жаңыл Әміренованың еліне сіңірген адал еңбегі жайында қысқаша әңгіме. Жаңыл апамыз 2018 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды

    Мундуинова Әсем Ерболатқызы білікті ұстаз,жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, «Үздік  сабақ жоспары», «Шығармашылық ұстаз», номинациясының, «Теле сабақ» жобасы аясында, үлесі үшін бірнеше жоғары марапат иегері, Үздік ұстаз Ерболатқызы Әсем қазақ тілі бойынша 5 сыныпқа арналған «Тіл мерген» атты оқулығы, қазақ тілі мен әдебиет сабақтарының, «Шәкірттердің белсенділігін арттыру жолдары» атты мамандарға арналған көмекші құралдарының авторы.

    Жас ақын Лашын Ганибалдың әр алуан тақырыптарға өлең жырлар жазған талантты жас ақын. Әр шығармашылығы ерекше бір толғаныспен жазыған.

    2007 жылы «Балауса балғын жырларым» атты өлеңдер жинағы кітап болып  баспадан шықты. Ұлы Отан Соғысының ардагері Зикен Сарсенов жайлы сыр шертіледі.

   1941 жылы 22 маусымда Өрен аудандық комиссариатқа келіп, өздерін соғыс майданына баратындарын айтады. Сөйтіп майдан шеніне аттанады. Фашистік  Германия кеңестер Одағына қарсы соғыс ашқанда Зикен Сарсен ов небары 16 жаста еді. Ерекше ерліктері үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» меделімен, «Қызыл Жұлдыз», 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен тағы да басқа медалдарын тағып, жеңіспен аман сау үйге оралады.

   Бейбіт еңбекке 1946 жылдан бастап кіріскен. Бір ғана ағарту саласында 36 жыл үздіксіз еңбек еткен. Сол бір 1946 жылдан өмірінің соңына дейін қоғамдық адал еңбегі мемлекет тарапынан да көтеріліп әділ бағаланды. 5 рет Қазақстан оқу министрлігінің құрмет грамотасымен, Ұлы Жеңістің әр кездердегі мерейтойлық медальдармен, басқа да марапаттан қағыс қалмаған.

   Екі майданның ері-Зикен Сәрсенұлы халқымыздың бүгінгі жас ұрпағына үлгі, мағыналы өмірі тәрбие.

Мундуинов Еркіннің (Ерболат) өмірбаяны

   1937 жылдың 27 сәуірінде Павлодар облысы, Максим Горький ауданы (қазіргі Качиры ауданы). Қызылтаң ауылында туған. 1944-1954 жылдар аралығында, әуелі өзінің туған ауылы мектебінде, соңынан Качиры қазақ орта мектебінде оқып, кәмелеттік аттестат алған. 1955-1957 жылдары қазіргі Б.Ахметов атындағы педколледжде оқып, «Бастауыш сынып мұғалімі» деген мамандық алып шыққан. 1957-1960 жылдар аралығында Кеңестер Армиясы қатарында әскери қызмет атқарған. 1961-1966 жылдары Семейдің Н.К. Крупская атындағы мемлекеттік педагогика институтының қазақ филология факультетінде сырттай оқып, «Қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі» мамандығын алған. 1960 жылдан бүгінгі күнге дейін (елу жыл бойы үзіліссіз) аудандық, облыстық, республикалық баспасөз, радиомен өз шығармашылықтары арқылы тығыз байланыста. Жарты ғасырлық уақытында оның қаламынан мыңдаған мақала баспасөз беттерінде жарияланды.

   Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Е.Мундуинов облыс жұртшылығына танымал ақын әрі жазушы марқұм Қимадиден Нығманов шығармашылығын зерттеуде. Қимадиденнің бұрын-соңды баспа бетін көрмеген «Естай», «Сел» атты көлемді туындыларын зерттеп, редакциялап, жеке-жеке кітап етіп шығарды. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Хомар Рахметуллиннің «Өмір өткелдері» атты кітабын редакциялап, мұны да баспадан шығартты. Ақтоғай жерінде бұлардан басқа да әдеби шығармалары әр жылда кезегімен оқырмандарына ұсынылған. «Батыр аға» (Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағанов туралы) атты повесін батырдың көзінің тірісінде жазып, науқастанып жүрген кезінде өзіне оқытқан. Соңғы жылдары «Ғасыр. Мешіт. Жандарбек қожа» атты танымдық, деректі уақиғалар негізінде жазған кітабы аудан жұртшылығының сүйіп оқитын туындысы ретінде қабылданған. Ақтоғай ауданының жетпіс жылдығына арнап жазылған «Ақтоғай – алтын бесік» атты көлемді еңбегі аудан бастан кешкен тарихи кезеңдерге шолу жасай отырып, ертелі-кеш аудан жерінде тұрып еңбек еткен, ел ұстаған тұлғалар хақында сыр шертеді. Педагогтық еңбек өтілі – 42 жылды құрайды. 

    Бұл жылдарда қатардағы мұғалім, бастауыш мектеп меңгерушісі, интернат директоры, орталау мектеп директоры секілді еңбек жолынан өтті.

    2004 жылдан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

    Қаламгер қазір де өзін ширақ сезінеді, шығармашылық жоспарлары да баршылық. 

    Отбасын құрып, зайыбы – Гүлбаршынмен 7 бала өсіріп, тәрбиелеген. Өзінің педагогтық қызметін балалары Әсем, Арман жалғастыруда. 

  2. Көлемді әдеби және педагогикалық еңбектері «2-класта жергілікті сан материалдарын пайдаланып, арифметикадан мәселе есеп құрастырудағы іс-тәжірибемнен»,(методикалық құрал, 1964 жыл, Қарағанды қаласы, бастауыш класс мұғалімдерінің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы) «Батыр аға» - повесть, шығармада Кеңес Одағының Батыры, жерлесі Құдайберген Сұрағановтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері, өмір-өткелдері баяндалады. Павлодар қаласы, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университет. 2006 жыл.

    3. «Ғасыр. Мешіт. Жандарбек Қожа» - танымдық шығарма, Павлодар қаласы, «Баспа үйі», 2007 жыл «Ақтоғай – алтын бесік»-аудан тарихы, «ЭКО» баспасы, Павлодар қаласы, 2008 жыл. «Естай» - поэма, авторы Қ.Нығманов, «ЭКО» баспасы, шығарманы редакциялаған және баспадан шығартқан. 2009 жыл. «Сел» - повесть, авторы –Қ.Нығманов, шығарманы редакциялаған және баспадан шығартқан, 2010 жыл. «Өмір өткелдері» - авторы – Х.Рахметуллин, «ЭКО» баспасы, кітапты редакциялаған және баспадан шығартқан, 2010 жыл. «Өзгерген өңір» (Ақтоғай тарихына байланысты шыққан кітап), 2012 ж. «Құтты елім – Қожамжар» (Қожамжар тарихына байланысты шыққан кітап), 2013 ж. Әлі де шығармашылық жоспарлары баршылық. Педагогикалық және журналистік еңбектері бойынша алған марапаттары: Краснокутск аудандық комсомол комитетінің грамотасы (1968 жыл); Облыстық «Қызыл ту» газетінің Алғыс хаты (1967 жыл); Краснокутск аудандық партия комитетінің Құрмет грамотасы (1971 жыл); ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жұмабай қажы Ықыластың  Алғыс хаты (2006 жыл); Қазақстан Журналистер Одағы Павлодар облыстық филиалының дипломы (2007 жыл); Ақтоғай ауданы әкімінің Алғыс хаты (2007 жыл); Павлодар облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы (2007 жыл); Ақтоғай ауданы білім бөлімінің Алғыс хаты (2007 жыл); Павлодар облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы (2007 жыл); Облыстық «Ұстаздар газеті» редакциясының Алғыс хаты (2007 жыл). Кеңестер Одағының Батыры, 90  жасқа толғалы отырған жерлесім Құдайберген Мағзұмұлы Сұрағановқа арнаймын.

    Қыран құс

Туған ана құшағында болмаған,

Ана сүтін тойып іше алмаған.

Қандай сәби батыр болып өседі,

Өр қырандай қанатынан талмаған?

***

Туған ана құшағында болмаған,

Ана сүтін тойып іше алмаған,

Сәбилер де батыр болып өсіпті,

Өр қырандай қанатынан талмаған.

***

Құдайберген сол қырандар тобынан,

Адаспаған аспандағы жолынан.

Биіктерден биіктерді таңдапты,

Қарияның самғап ұшып қолынан.

***

Қариясы кім еді сол Қыранның? -

деп Қыранның бір өзінен сұрадым.

Сұраған! – деп жауап берді Қыран құс, -

Аралағаш, Сұлуағаш тұрағы.

***

Қыр Қыраны қырандығын танытты,

Қару алып жауға жетіп барыпты.

Зеңбіректер «Катюшамен» алмасып,

Қан майданда қызық ойран салыпты.

***

Соғыс бітіп, Қыран қайтты еліне, -

Кіндік кескен Сұлуағаш жеріне.

Алтын жұлдыз кеудесінде жарқырап,

Тұрды Батыр ата-баба төрінде.

Мундуинова  Әсем Ерболатқызы (Ұстаз)

   Әсем Ерболатқызы Ақтоғай ауданының Жоламан ауылында туып, сол ауылдағы негізгі мектепті бітіріп, Абай атындағы №1 орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің колледжін (қазақ тілі мен әдебиет пәндері бойынша) үздік дипломмен тәмамдап, соңынан Павлодар Мемлекеттік педогогика институтының филология факультетінде оқып, жоғары білім алады. Сол дипломмен туғанауылының мектебіне оралады. Бұл 2004 жылдың тамыз айы болатын. 2016 жылы Павлодар қаласындағы 36 мектепке ауысып, қазіргі күнде сонда мұғалімдік қызмет атқаруда. Осы уақыт аралығында ол шәкірттеріне туған ана тілі әдебиетінен біліім беруде айтарлықтай көп нәтижелерге жеткен. Жоғары санатты қазақ тілі ме әдебиет пәні мұғалімі Әсем Ерболатқызы шәкіртттерінің облыстық және республикалық білім сайыстарындағы жетістіктері:

    2005-2006 оқу жылында шәкірті Мәди Рахимов дәстүрлі «Абай оқулары» сайысында аудан бойынша жүлделі 1- орынға шығып, облыстық байқауға жолдама алды. 2007 жылы шәкірті Лашын Ганибалдың «Балауса,балғын жырларым» атты өлеңдер жинағы кітап болып баспадан шықты. Осы жылы Лашын Ганибал облыстық «Абай оқуларында» III дәрежелі дипломмен, бағалы силықпен марапатталады.

    Осы сияқты тағы да басқа шәкірттерінің жетістіктерін көп айта беруге болат.

    Әсем Ерболатқызының өз шығармашылығы және ұстаздық қызметі жайынды бірер сөз: «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында шәкірттердің белсенділігін, арттыру жолдары» атты жас мамандарға арналған көмекші құралы. Қазақ тілі бойынша 5-сыныпқа арналған «Тіл мерген» атты оқулықтар баспадан жарық көрді.Аудандық «Үздік сабақ жоспары»сайысында, «Шығармашыл ұстаз» номинациясының иегері, Республикалық «Теле сабақтар» жобасы аясында көрсеткен шығармашылық ұстанымы, білім беруге қосқан жеке үлесі үшін 2021 жылы алғыс хатпен марапатталған. Ұстаздық жолында тағы да бірнеше жоғары марапаттарға ие болған.Республикалық тілдерді дамыту Президенттік қорының, Павлодар  облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін, Павлодар облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталған. Ұстаздың шәкірттерінің туындыларынан қысқаша үзінді іріктеп алынған.

Азамат Еркемай

Жоламан

Мен туған жер –Жоламан

Аман жүрсін ел,ағам.

Атын қойған бұл жердің

Батыр бабам қолдаған.

 Жеті ата

Жеті атасын білмеген жетесіз құл,

Жанай, Оспан, Ыдырыш, Сапархан,

Халайхан, Азамат, Еркемай екінші қыз

Монғолияда дүниеге келген әкем

Мен үшін талай қызық көрген әкем.

 Өтірік өлең

Ұшып барып Марсқа,

 Қатысып келдім жарысқа.

Бас жүлдені жеңіп ап,

Жеттім үлкен табысқа

Көк сиырға мініп ап,

Күнге бардым зымырап.

Күннің іші сары екен,

Әдемі гүл бар екен 

Жекей Таңсауле

Сағыныш

Нені болсын адамдар

Сағынады.

Сағынышын баса алмай

Жабығады.

Не күлерін, жыларын

Білмейді де,

Қамығады, жүрегі

Жарылады.

Қазақстан

Қазақстан-

Өмірлік ұранымсың.

Кең байтақ,

Бетке ұстар

Жыр-әнімсің.

Тәуелсіздік таңында

Жарқырай бер

Жалында! 

Сырдариям, армысың!

Сұлуланған, сырғаланған, Сырдариям армысың!

Сен мен үшін өшпес мәңгі жалынсың.

Жүрегімнің түбінде тұрған сағымсың,

Балалық шақтың қызығынкөрген шағымсың.

Ерғанат Нұргүл

Сағындым

Бірге ойнап,бірге күлген,

Кішкентайдан бірге жүрген.

Тоғайда өскен бүлдірген,

Достарымды сағындым.

***

Жүректен мәңгі өшпейтін

Сезімімді сағындым.

Қайта айналып келмейтін

Өткен күнді сағындым.

Капанова Айнұр.

Ана тілі -әркімнің қолындағы шырағы

«Бала тілі –бал »дейді ақ сақалды қария,

Бесіктегі нәресте «ата»десе жымия.

Ақ сүтімен ананың тілі шықса сәбидің,

Ата менен ананың көңілі көл дария.

Былдырлаған сол тілің-ана тілің балақан,

Мәпелеген сол тілді-аялы,ыстық алақан:

Туып өскен Отаның-кіндік қаның сіңген жер,

Қонақжайлы өз халқын,қойдан қоңыр момақан.

Солай шықса тіліңнің күрмелгені не еткені,

Өз еліңде жүріп –ақ толықсып ер жеткенде?

Бөтен сөзбен шұбарлап кемсітпегің тіліңді,

Ғылым-ілім шарықтап тым биктеп кеткенде!

Ана тілім өшпейді,гүлмен бірге шығады,.

Ана тілім өшпейді ,күнмен бірге шығады.

Күн де,гүл де-әлемде мәңгіліктің символы,

Ана тілі - мәркімнің қолындағы шырағы.

                                                                                                  Мәрденов Нұрмұхамбет

1901-1933 ж.ж.

Ақтоғай ауданының көнекөз қариялары Марденовтар әулетін жақсы біледі. Бүгінгі әңгімеміз осы әулеттің соңғы төрт ұрпағы және

Мәрденұлы Нұрмағамбет жайлы болмақ.

   Әкеме алла-тағалабір басына жетерліктейетіп дарындыаямай бере салған. Қолынан келмейтін ісі қалмаған. Келбетіне өнері сай, қазақтың көркем сөзінің зергері, ақын, қыл-қалам шебер (суретші) әнші, қолөнер және бар, «сегіз қырлы,бір сырлының» нақ өзі -деп өз кітабында жазған баласы Нәскен Нұрмұхамбетұлы.

   Жетімшілік тауқыметін көріп өскен бұлар күнкөріс қамына ерте араласады. Табыс табудың жолымен Қашыр, Песчаное, Талдықала селоларындағы орыс байларына жалданып, жазда шөбін шауып, қыста сонау Орынбор, Ірбітке дейін олардың кіресін айдап, туыстарын асыраған. Әсіресе Мәрденнің өзін қоршаған ортаға, өмірге деген көзқарасы ерек еді. Ол сауда–саттық өнерін үйренген, онымен қоса, қолөнерін жақсы меңгерген. Тері илеп,саптама етік тігіп, ауыл адамдарына, ауылдан тысқары жерде жатқан базарларда сатып, азық түлік, басқа да заттарға айырбас жасап әлденеді. Алдына мал біте бастайды. Мәрден оқып-тоқығаны болмаса да,мал тұқымын асылдандырудың, оны күтіп-бағудың қыр-сырын жете білген. Мәрденнің бар жиған-терген мал-мүлкі 1928 жылы тәлкіленіп, Сібірге бала-шағасымен жер аударылады.

   Сібір жері. Азып –тозып кең байтақ Қазақстанынан бір үзім наін таба алмай, ашығып келген қазақ жұртын қарапайым орыс мұжықтары жатсынбаған. Жасынан еті тірі әкесі Мәрден жат жерде де балалаларын асырап, Бараба, Алтай өлкесіндегі Ключи қалаларының арасында жүріп, сауда-саттық жасайды. Әкелерінің тіршілік қамына ересек балалары Нұрмұхамбет, Баймұхамбет көп қолқабыстық етеді. Новосибирск облысы, Ақорлау ауылында Мәрден және оның балалары колхоз құрып, жер ауып келген байлар да шаруа жағдайын үйреніп, жылма-жыл егін салып, өнім жинаған. Ат диірмен, май айыру пунктін ашып, ауыл дәулетін көтерген. Сібір жерінде де Мәрден шаңырағы үстіне найзағай оғы төнген. Тіпті, жер ауып келген ағайындарының өзі тойынып алған соң, Ақорлау колхозының есеп-қисабын адал жүргізіп жүрген Мәрденұлы Нұрмұхамбетке «Халық байлығын талан-тараж етті» деп жала жауып, қызыл жағалыларға сыбыс береді. Мәрденұлы Нұрмұхамбеттің қамқорлығы арқасында ғана қара жерді әлсіреп келіп, нық басқан ағайын, ауылдастары халқым, елім деп еңіреген аяулыарысты сол кездегі «шаш ал десе бас алатын» әкімшілік органдарына өз қолдарымен ұстап береді. 1933 жылдың қаңтарында, «Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдасқан бандалар тобының бірі» деп Нұрмұхамбетті Омбы түрмесіне қамайды. Әкесінің еті тірлігінің арқасында орысша оқып, «тіл сындырған» сауатын ашып көкірек сезімін оятқан сүйікті Омбы қаласына ол аяқ-қолы кісендеулі, арға жеті-сегіз жыл салып, қайта оралған еді. Қараңғы да қапас, сасық иісті тас камерада жатып, ол келешектен үмітін үзбеді. Батыс Сібір өлкелік сот алқасынан (үштіктің) үкімімен «халық жауы» деген айып тағылып, жазаның ең ауыры-ату жазасына кесіледі. Өзінің жазықсыз атылатынын алдын ала білсе де, камералық достарын өмірді сүюге, қиянатты өмірден қаймықпауға үгіттеген.

Түнерме, төмен қарап,тұтқынды ерлер,

Тағдырдың жазғанына пенде көнер.

Ісің ақ,еш шүбәсіз болса,кірсіз,

Адалдық -арамдықты бір күн жеңер.

Құлы ғой табиғаттың -жаратылыс,

Еріксіз бағынады оған тұрмыс.

Кездестік сұм дәуірдің жаласына,

   Әйтпесе белгілі ғой біздің қылмыс -деп,Нұрмұхамбет тағдырлас достарының көңілін аулап, әркез жұбатқан екен. Таңның атысынан, кұннің батысына дейін аса қатал тергеуден тергеуге түскен «Отанға қауіпті қылмыскер» тас камерада әбден шаршап-шалдығып, бір сәт қалғып кеткен. Осы бір-екі ауыз өлеңінен белгілі болып тұр ғой жазықсыз екені. 67 жылдан соң айтқаны келеді, адалдық-арамдықты жеңген күн болды. Ол өзімен Омбыда бірге оқыған досы Сәбит Мұқановпен, май заводын басқарып тұрғанда кездесіп, ұзақ сырласқан силасы Қаныш Сәтпаевпен,халқының жан ашыры Мағжан Жұмабаевпен қауышып, «мына азаптан құтқарыңдар мені» дегендей, аяқ-қолының кісені салдыр-күлдір етіп,камера түс ағашынан ұшып түрегелді.

   Қайдасыңдар? Қайдасыңдар?!

   Түсім екен ғой бұл деп Нұрмұхамбет екі қолын құстың қанатындай көкке көтеріп, алыста қалған жеріне ұшып та кеткісі келген. Бірақ ұша алмады. 1933 жылдың көктемінде, Омбы түрмесінде атылады. Туған халқын, Отанын шексіз сүйген есіл ер Мәрденов Нұрмұхамбет бар жоғы 32 жасында осылай мерт болды. Нұрмұхамбеттен 3 жастай кіші інісі Баймұхамбеттен де ұрпақ тарады. Мәрденов Жүкен Баймұхамбетұлы-отставкадағы генерал-майор, мемлекеттік қауіпсіздік органдарында көп жылдар қызмет жасаған, қазір Алматыда тұрады. Мәрденнің ендігі бір ұлы –Рахмет ұзақ жылдар Павлодар, Көкшетау облыстарында кеңшарларды басқарып, 83 жасында 1995 жылы дүниеден озды. Мәрденнің ендігі ұрпағы-Баймұхамбеттен туған Мағауия еді. Жоғары біілімді жас хирург Алматыда аспирантурада оқып жүрген кезінде қапылыста машина апатына ұшырап,қаза болды, «Әкеге қарап- ұл, шешеге қарап-қыз өсер »демекші әке тәлімін көріп өскен бұл кісінің балалары да халқына қалаулы, еліне елеулі жандар. Бұдан бірер жыл бұрын, әкесінің жерленген жерінен (Омбы облысынан) Нәскен Нұрмұхамбетұлы ата қоныстары-Ақтоғай ауданының Жоламан ауылына топырағын әкеліп, мәрмәр тастан биік етіп, мәңгілік ескерткіш орнатты. Туған халқы мен ұрпақ тағдырын ойлап,басын тауға да,тасқа ұрған Нұмұрмұхамбет Марденовтай жерлестерін бүгінгі жас ұрпақтың үнемі еске алып өскені, ата-баба тағдырын қастерлей білгені, туған өлке, ел тарихын оқып үйренгені абзал. Қорыта айтар болсақ, ер есімі ең әуелі өзінің туған елінің есінде мәңгілік сақталуға тиіс.

Кең сахара туған жерге сыя алмай,

Өмірдің де теперішін көп көрдің.

Туып өскен ауылыңды қия алмай,

Жастығыңды ішкі жақта өткердің.

 ***

Қарапайым орыс жұрты сүйсе де,

Сталиндік саясатқа жақпадың.

Жазықсыздан адал жаның күйсе де,

Шат қалпыңды,мәрттігіңді сақтадың- деген екен Мундуинов Еркін ағамыз. Мәрденовтар әулеті және Нұрмұхамбет жайлы.

                                   

Жаңыл Әміренова

Сауыншы мерейі

    Шағын бір ауылда тұрып, бір ғана кәсіппен 38 жыл бойы табан аудармастан еңбек ету кей адамның қолвынана келе бермес те. Себебі адамның үнемі табысты еңбек етуі үшін барлық жерде бірдей тұрмыстық, қолайлы жағай жасала бермейді. Кейде көп балалы отбасының тіршілік қамы, кейде кездейсоқ кездесетін шым-шытырық оқиға адамның бір қалыпты ғұмыр кешіп, қоғамдық іске ден қойып араласуына өзіндік әсерін тигізері хақ. Ауылда туып-өскен, сол ауылдың тағдырымен, өсіп-өркендеуімен өз тағдырын егіз бағалаған Жаңыл Амренова ұзақ жылдар бойы адал еңбегінің арқасында бұл көпке елеулі, ауылда тұрып атағы аудан жұртшылығына танымал болған. Ол әр бесжылдықта қарауындағы әр сауын сиырдан 2000 килограмнан кем сұт сауып көрген емес. Әсіресе еңбек жылының қортындысынан байқасақ, Жаңыл Амренова абырой атағын тағы бір биікке көтерген. Бұл жылы күтіміндегі 25 сиырдың әрбірінен орта есеппен 2600 килограмнан сапалы сүт сауып, белгіленген мемлекеттік жоспарды асыра орындаған. КПСС мүшесі, аудандық Советтің депутаты, жеті баланың анасы Жаңылдың отбасының да қам-қарекеті бір анаға жетіп артылатын. Отбасындағы бала тәрбиесі анаға көп байланысты ғой. «Ыдысын көріп–асын іш», «Анасын көріп қызын ал» дейді халық данасы. Жаңыл тәрбиелеген балаларының бәрі еңбексүйгіш, зерделі, инабатты жандар. Ауыл қызы, қарапайым сауыншы, комунистік еңбектің әр жылдардағы екпіндісі социалистік жарыстың жеңімпазы, Ж.Әміренова ұзақ жылдар бойы қахырлы да өнегелі еңбегі үшін КПСС Орталық Комитеті, СССР Министрлер Советі мен ВЦСПС-тің Ұлы Октябрь социалистік революциясының жетпіс жылдығына байланысты белгілеген «Құрмет грамотасымен», 1971 жылы «Ерлік еңбегі үшін медалімен, 1976 жылы«Еңбек Қызыл Ту» орденімен, В.И. Лениннің юбилейлік медалімен наградталған. Аудандық, облыстық партия комитеттерінің, агро өнеркәсіп бірлестігі, облыстық кәсіподақтары президиумының «Құрмет грамоталарымен» де бірнеше рет марапатталған. Ай сайын жыл қортындылары бойынша алатын ақшалай, бағалы сыйлықтар өз алдына бір төбе. Арайлап атқан таң самалын елден бұрын жұтатын, жаңа жауған күміс қарғажалғыз аяқ жол салып, сауын гүрті орналасқан ауыл шетін бетке ала аяңдайтын, қатты борандарда қолына таяқ ұстап, қырына шелек ілген Жаңылды әр кез ерте тұрған сайын көріп сүйсінуге болатын. «Нағыз еңбек адамы», «қайратты әйел», «ел құрметіне бөленген» секілді ізгі ұғымдар ойға еріксіз орала кетеді. Жаңыл кәмелетке келген он сегіз жасында-ақ сауыншы болған. «Павлодар облысының озат сауыншысы», «Машинамен сүт сауушы, бірінші класты оператор» секілді қарапайым кәсіптік мәртебесі биік шенін тағыпшекпенін киген.

   Иә, бұл секілді өмір белестерін жалаң санмен өрнектеп айту-тілге ғана жеңіл шығар. Өмірдің бар ыстық-суығна төзім жасау, кездескен қиындық атаулыны жеңе отырып, қоғамдық еңбекте де, шаңырақ өнегесінде де көпке үлгі болу-сом білекті, үлкен жүректі, нәзік сезімді, биік адамгершілікті қажет етсе керек. Бәлкім, марапатқа адал еңбек, оны еріксіз ерлікке лайық қоғамдық іс тындыруға, әр кез жетелей берген болар. Әр мақтауға тұрарлық іс тындыру, еңбеккерге тән ар-намыс, коммунистік парасат қоғамдық іс атқаруда, оны ерекше рухтандырған, өмір талабы деңгейінде болуды міндет еткенге ұқсайды. Жаңыл Амренова 2018 жылдың қазан айында, 78 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Ұлы Отан соғысының ардагері

Сәрсенов Зикен

    Сәрсенов Зикен 1922 жылы Павлодар облысы, Куйбышев ауданы, Жаңааттаныс ауылында, қазіргі (Ақтоғай ауданы, Жоламан ауылы) дүниеге келген. Аудандағы Сталин орта мектебінің 9-сыныбын бітірген соң 1940 жылы орталау мектепті үздік бітірген ұғымтал оқушылар қатарында Павлодар педучилищесі жанындағы қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға жіберіледі. 1940 жылдың 1 қыркүйегінде Харьков жеті жылдық мектебінде мұғалім болады. 1941 жылдың 22 маусымда фашистік Германия Кеңестер Одағына қарсы күрес ашқанда, Зекен Сәрсенов, тағы да 16 жас өрен аудандық әскери комиссариатқа келіп, өздерін соғыс майданына баратындарын айтады. Өтініштерін қабыл алған ауданық әскери комиссар бұларды арнайы әскери комиссиядан өткізіп, десаулықтары мен білім дәрежелерін анықтайды. 17 жастың үшеуі ғана ұшқыштар әзірлейтін мектепте оқуға жарамды болып шығады. Зикен Сарсеновтар Ташкент қаласындағы әскер ұшқыштар даярлайтын мектепте 1941 қыркүйегінен сол жылдың желтоқсан айыныңаяғына дейін 4 ай оқып, бітіруге 2 ай қалғанда тосыннан боларды еріксіз үйге қайтарады. Елге қайтқандар біркелкі өзбек, түркімен, тәжік және қазақ балалары ғана болатын. Қайтударының себебін жастарға айтпайды. Жоғары жақтан сұраңдар. Біз жоғарыдан түскен бұйрықты ғана орындаймыз-деген. Өңшең жас өрен жылап-сықтап өз елдеріне қайтқан-ды. Артынана сұастыра келе, үйге қайтқандар генерал Власовтың 75 мың қолы бар бүтіндей армиясының жау жағына шығып кетуі себепкер болғанын естіп біледі. Бәлкім, бұл генерал қоластында орыс, украиндықтардан өзге өкілдері басым болды ма екен, бұл жағы сол кезде құпия әрі жұмбақтай болып қала берген. Ақыры Алматыдажасақталған генерал Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясы, оның 28 батыр панфиловшыларының Москваны қорғап қалудағы жан қиярлық, көзсіз ерліктері арқасындақазақ, басқа да мұсылман дінді шығыс халықтары өкілдеріне деген сенімсіздіктің бұлты сейіліп майданға қазақтар көптен алына бастайды. 1942 жылдың 21 мамырына дейін Куйбышев ауданынан 1500 жас өрен кеңестер армиясы қатарына алынады. Зикен Сарсеновтар Куйбышев ауылынан Павлодарға дейін жаяу басып,поезбен батысқа жол тартады. 13-18 күн жол үстінде болып, қыр қыранындай бұла өскен жігіттердің ұзақ жолда жауға деген ыза кегі қайнаған жаумен бетпе-бет апалысуға асыққан. Орынбор қаласының тұсы шығыстан (Владивостоктан) қару-жарақ тиеген әскерт поезд еш кідіріссіз батысқа жетуге асыққан. Сарсеновтар келе жалқан поезд қару жарақ тиелген составты өткізіп жіберуге мәжбүр болады да ұзақ тосып тұрып қалады. Бірақ өңшең жас қырандарды көп бөгемейді. Орынбор қаласындағы В.Чкалов атындағы әскери лагерьде соғыс өнеріне үйретіп Сталинград майданына шұғыл жөнелтіп жатады.

    Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің тарихын,ата-бабаларымыздың тарихын білуі және  оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп, қортынды жасауы, сабақ алуы тиіс. Қазақтың бүкіл ерлігі де, жеңісі мен жеңілісі де сүйегіне түскен таңба мен  маңдайына тұтқан мақтанышы да туған өлкесі. Сондықтан қорыта келгенде тәуелсіз ел боламыз десек, тіліңмен тарихыңды жадыңнан шығарма. Құрметте және қастерлей біл.

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған