"Ауылым – алтын бесігім" Жаңабет ауылдық кітапханасы

18.04.2023

"Ауылым – алтын бесігім" Жаңабет ауылдық кітапханасы

                                                         Бұл жарыққа аяқ басып туған жер                                                             
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.

АЛҒЫ СӨЗ

   Ауылым – алтын бесігім
   Жүрегім, жырым сенікі,
   Кеңесті далам, кең далам.
   Тудым, өстім, есейдім,
   Ең далам–анам, мен -балаң-деп ақын атамыз жырлағандай, менің ең далам, тұғырым-Қазақ елі. Туған өлкемнің тұныптұрған әсем көрінісі бойыма еріксіз мақтаныш сезімін құйады. Тау етегіндегіқуыстарды қуалай өскен буталы орманы, тау суын сарқырата кең далағаалып қашқан өзендері, дән теңізіне шалынған жазық даласы, төрт түлікмалға төсін ашқан құтты жайлау қырлары, көк жасыл желекке бөленген ауыл үйлері бойыңа еріксіз күш, қайрат, еліме деген махббат сезіміне бөлейді.

   Қасиетті, туған жер! Бойымдағы бар жақсы қасиеттерімүшін мен саған қарызармын, қажырлық пен қайсарлықты, құзды шыңды тауың мен асау желің үйретсе, жомарттық пен ақ пейіндікті мына жатқан жеміс талы сай-самаңнан үйрендім. Шыдамдылық пен байсалдықты шетсіз де шексіз далаңнан үйрендім. Осынша сұлұлыққа бөленуіне қандай себеп, әсер етуші қандай күш деп толғанамын, ойлана келіп тау қуысындағы әрбір бұтаның, өзенге күлер әрбір бұлақ көзінің теңіздей тербелген егістегі дән сабағының, жайлауыңдағы әрбір шалдың, ауылдағы әрбір жеміс ағашының бойында адамның жұмсаған күкі-жігерін, төгелгентері–еңбектен жазылған шежіресі барлығын ұғамын.

   Туған жерім–алтын бесігім деп туған елді көркейтуде аянбай тер төккен еліміздің перзенттерінің еңбегіне сүйеніп, өзің де солардың қатарында болғың келеді.

   Ауылдастардың  ерлігі–еңбекте, арманы-әнінде, қуанышы–күйінде, бақыты–бауырмандығында, жасампаздығы–жарқын істерінде деп түсінемін.

 «Тарихы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» - десек, келер ұрпаққа барымызды бағалап, елдігімізді әйгілейтін тарижты жазып қалдыру біздің борышымыз.       

   Ұлы Абай атамыз айтқандай:

                    Дүние – үлкен көл,

                   Заман – соққан жел,

                    Алдыңғы толқын – ағалар,

                    Артқы толқын інілер,

                    Кезекпенен өлінер,

                    Баяғыдай көрінер,-

   ұрпақтардың алмасуы тоқтамастан дүние-тірліктер сабақтасуы үзілмек  емес.   

   Сауатсыздықты жою, бай-құлақтар мал-мүлкін тәркілеу саясатын бастан кешірген жерлестеріміз, 1928 жылы басталған күштеп ұжымдастыруда жаңа заманға бейімделе алды. Соның айғағы, 1928 жылы ауыл тұрғындарының «Жаңабет» атты ұжымшар құрып, бірігіп еңбек ете бастауы. Көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа бірден көшу аталарымыз үшін оңай түспегені анық. Ұжымшар құрылысымен ауыл балаларына білім беру мақсатымен алғашқы бастауыш мектеп ашылады да, бұл мектепте балалармен қатар ересектерге де  сауат ашу ісі қолға алынады.

    Ұжымшар құруда белсенділік танытып, шаруашылықтың аяққа тұрып кетуіне 1926 жылы тұңғыш кеңестік Алқакөл болыстық комитет төрағасы болған Жүсіптің Илялы, Қабдуәлінің Бабашы. Райыстың Балташы, Құрманғазының Кәлесі, Сманның Ыбырайы, Әбшайықтың Жақаны сынды  азаматтар қажырлы еңбек етті. Ұжымдастыру барысында жүргізілген қателіктердің халқымызға Ұлы Нәубет-жаппай ашаршылыққа әкелгені белгілі. Жаңабет ауылы тұрғындар да бұл жағдайды бастан кешірді. Аталарымыз мен әжелеріміздің айтуынша, 1934 жылы ұжымшардағы мал 10 есеге азайса, ұжымшар мүшелері саны екі есеге кеміген. Біраз халық отбасы мен балаларын аштықтан аман сақтау мақсатымен Ресейдің Новосібір,Омбы  облыстары мен Алтай өлкесіне қоныс аударуға мәжбүр  болды.

    Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы басталуы ауыл тұрғындары үшін үлкен сын болды. Жаңабеттің де бар ер азаматтары майданға өз еріктерімен сұранып өтініштерін беруде болды. Ақтоғай (Куйбышев) аудандық әскери қомиссариаты есебі бойынша Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ұрыстаға қатысып шақырылғандар саны 78 адам болған. Солардың ішінде 51 жерлесіміз соғыс далаларында ерлікпен қаза тапты, не хабарсыз кеткендер тізімінде. Соғыста азаматтарынан айырылмаған отбасы болмады десек,артық айтпаспыз. Бір отбасынан ағайынды бес азамат Есімбетовтар  тарихтағы жойқын соғыс құрбандары болды. Аталарымыз ерліктері соғыс жылдарындағы баспасөз беттерінен белгілі.

    Соғыс ауыртпалығы ер азаматтармен бірге тылдағы еңбекшілер үшін де бірдей, тіпті одан да ауыр болды десек, қателеспесбіз. Көктемгі егіс мен өсірілген астықты ысырапсыз жинау және мал басын щығынсыз өсірумен бірге майданға қажетті қолғап, шұлық тоқу, тон тігу мен пима басуды да аналарымыз тоқтатпады.

   1945 жылы Ұлы Жеңістен кейін майданнан азаматтар орала бастады, ұжымшар шаруашылығы ілгерілеуі басталды. Майданнан кеуделері орден мен медальдерге толы келген аталарымыз бейбіт өмірге белсене кірісіп кетті. Соғыстан кейінгі жылдары мал шаруашылығы мен егіншілікті  жедел дамыту, халықты азық-түлік-пен қамтамасыз ету қолға алынды. Жаңадан жүздеген кеңшарлар құрылды. Чкалов атындағы кеңшардың үшінші бөлімшесі ретінде «Жаңабет» ұжымшары қайта құрылды. Ауылымызға жаңа техникалар әкелініп, алғашқы тыңгерлер келе бастады. Қуатты тракторлар, комбайндер және жүк автомобилдері келіп, ауыл жастарын механизатор мамандықтарын меңгерту щаралары іске асырыла бастады. Нығманов Зейнолла, Садықов Темірболат, Шұқылықов Қайыртай, Балтенов Мүбарак сияқты жастар темір тұлпарды жуасытқан білгір мамандар болып шықты. Тың игерілген алғашқы жылдары Чкалов кеңшары, соның ішінде, үшінші бөлімше еңбеккерлері Отанға алтын астық беруде сүбелі үлес қосты. Балтенов Мүбарак аға Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жоғарыда аталған ағаларының ізін басып,кейінгі толқын жастар Ықыласов Қайырбай, Берекенов Тілектес, Адуов Төлеш, Сатымбаев Тұрсынбайлар аталарымыз егін даласында еселі еңбектерімен көзге түсіп, майталман механизаторлар болып қалыптасты. Әсіресе, ауыл жастарының автокөлік жүргізуге деген ұмтылысы ерекше болды. Соғыстан кейін ауылда алғашқылардың бірі болып автокөлік жүргізген Ұлы Отан Соғысының ардагері Балтабай Мұқышев ағамыз екен. Бұл кісінің ізбасарлары, уақыт сала тамаша бірінші санатты жүргізушілер тобы қалыптасты. «ЗиЛ», «ГАЗ» көліктерін ұршықша үйірген жүргізушілер жем-шөп пен астық тасып, кеңшар ісі өркендеуіне сіңірген еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы және Құрмет Белгісі ордендері мен медальдар иелері баршылық. Солардың ішінде, Ахметов Еркін, Шорманов Сәрсен, Әлжанов Бәстеми, Ахметов Қапаш, Уәлиев Теміртас есімдері талай мәрте аудандық құрмет тақтасынан орын алған. Мал шаруашылығы тиісінше қарқынды даму үстінде болды. Ауылымызда, демек, кеңшардың үшінші бөлімшесінде сауын сиырлар мен қой өсірілетін. Сиыр сауудан аудандық және облыстық социалистік жарыстар жеңімпаздары  болған, аудандық Кеңес депутаттары сайланған аналарымыз есімдері біз үшін мақтаныш. Бұлардың арасында Жарасова Болды, Ақмағамбетова Нағима, Сманова Оралша, Сманова Торғай, Қажмағамбетова Айтжамал, Адуова Зуралар сияқты абзал апаларымыз бар еді.                                                                                                                                              

    Қой шаруашылығы да қарқынды дамыды. Әр 100 қойдан  110-125 қозы алып, 3,5-4 килограммнан жүн қырыққан шопандар еңбектері де марапаттарға ие болды. Ірі қара мал күтіп- бағуда табысты болды. Адамов Сіләмбек, Шөлкенов Сіләмбек, Қажмағамбетов Ерлаш, Камариденов Қайыргелді аталарымыз аудан мен облыс жұртшылығы жақсы біледі.

   Ауылдың мәдени өмірі де сан жылдар өзіндік даму белестерінен өтті. Ұзақ уақыт ауыл қлубын басқарған  Каленова Шолпан ұйымдастырған іс-шаралар қызықтығымен, мән – мазмұн жағынан ерекшеленетін. Кітапханашыларымыз  қиын кезеңдерде ауыл қітапханасының кітап қорын сақтап молайта білді. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі мен кітапхана ауыл тұрғындарын рухани және мәдени өсуіне ықпал етуде.

    Ауылдың мақтан тұтар ардақты жандар-он бала туып, тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ Батыр аналарымыз. Абдіхалықова Дәмежан, Байзелдинова Мәрбан, Адуова Зура аналар отбасылар барша елге үлгі. 7-9 бала өсірген  ауылымызда барлығы жерлестерімізді шаттандырмай қоймайды. Ауылымыздың бүгінгі күні жайлы айтсақ, басқа елді мекендермен салыстыра, мына фактілерді көрсете кету керек. Орта мектебі жұмыс істеп, 100-ден астам балалар білім алуда. Мәдениет үйі, кітапхана фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс жасайды. Тұрмысы қалыпты, малын өсіріп, егінін баптап отырған құтты мекен.

   Ауылымыздың тұрғындары еліміздің халық шаруашылығы дамуы, білім, мәдениет, ғылым салалары өсіп өркендеуіне атсалысқан, еңбектерімен танылған тұлғаларды мақтан тұтады.

   Атап айтсақ, ағайынды Шарапиденовтар. Үлкен ағасы Темірболат ауатком төрағасы, Лебяжье аудандық партия комитетеінің бірінші хатшысы, Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып алғысқа бөленген жан. Інісі Жетімхан 25 жыл бойы Краснокутский ауданы Чкалов атындағы кеңшарды үзбей басқарып, шаруашылықтың өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Шарапиденова Алма философия ғылымдарының докторы атанса, Шарапиденов Қайырбек Республика мал шаруашылығы ғылымын дамытуға атсалысты.

   Қайырбаев Қанат ағамыз ұзақ жылдар облысымыздың жоғары білім беру ісінде белгілі тұлға. Физика- математика ғылымдарының докторы, профессор.

  Қуанышев Оразбай Павлодар облысының бірнеше аудандық ішкі істер бөлімін басқарды, милиция полковнигі. Милиция полковнигі болып пенсияға шыққан аға–мыз Ибраев Самен Ақсу аудандық және қалалық іщкі істер бөлімін, Облыстық эконмикаға қарсы қылмыспен күрес басқармасын басқарды. Дөңбекбаев Балтабай полиция полковнигі, облыстық МАИ –де басшылық қызмет атқарды, қазір Павлодар қалалық сотының судьясы. Полиция полковнигі Байзелдинов Бахытбек, полиция майоры Ахметов Жазиттерді атап өтсек.

  Тағы бір жерлесіміз Әдуов Мүбарак  ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, Астана қаласында ауыл шаруашылық академиясының профессоры, академик.

  Бөлімшені 22 жыл бойы басқарған Кепешов Мүбарак ағаны халық күні бүгінге дейін естерінде сақтауда.   

  Қазіргі ауылымыздың тұрмыс- тіршілігі көңілімізге үлкен үміт пен сенім ұяла–тады. Көптеген жастарымыз еліміздің түрлі аймақтарында, түрлі салаларда еңбек етіп, білімі мен біліктілігімен абыройға иеленуде. Соның ішінде Републикалық ақындар айтыстарында көзге түсіп, жеңістерге жетіп жүрген Бейбіт Бөжен, облыстық баспасөзде басшылық жасап отырған Сманов Жұмабек, облыстық Ж.Аймауытов атындағы музыкалық драма театрының белді әртісі Нығманов Руслан, елге белгілі кәсіпкер,меценаттығымен танымал Абдіхалықов Данышпандарды айрықша атап өткен дұрыс.

   Ұлы Отан соғысында ерлікткрімен көзге түскен аға буын өкілдері дәстүрін кейінгі ұрпақ жалғастыра білді. Кешегі 1979-1989 жылдардағы Ауған соғысында Ғабдуллин Серік, Әбдіхалықов Данышпандар ерліктері үшін Кеңестік және Ауғанстан республикасы орден,медальдарымен марапатталды. Аслан Мағұлов ерлікпен қаза тауып, оған Қызыл Жұлдыз ордені берілді.

  Қимадиден ақын кеше былай деп өскен ауылы, оның табиғаты жайлы сыр тарса:

  Бір жола танып қалсын  енді бізді,

  Айтайын елімізді,жерімізді.                                                                                                

  Алқакөл болысы деп атар бұрын,                                                                          

  Дейтұғын Қотантерек жерімізді.                                                                       

  Қазіргі ауыл тұрғындары атынан келешек  жастарымызға мына өлең жолдарын арнамақпыз:

                 ***

   Мақтан етіп елім,жерім байлығын,                                                                        

   Алқакөлдей балық тұнған айдынын.

   Жаңабеттей жәннат жерді таппассың,

   Жыр ғып айтам халқыма жайлығын.

                       ***

 Арғымақтар тұлпар болып көсілер,

 Ұрпақ келіп, талай тұсау кесілер.

Ауылыма ән арнасам,жыр шашып,

Ерлерімді айтпай қалам несіне.

Ауыр күндер,құрсау күндер өтті ғой,

Коммунизм де келмесіне кетті ғой.

Іскер болып ,нарыққа да жеттік қой,

Жерлестерім өзгелерден текті ғой.

             ***

Үміт артам,жастарыма сенмін,

Келешекке дайындықпен келерін,

Ынтымақ пен Ұйымдығы жарасып,

«Алла сақта»  келер менің демегім.

Қимадиен  атамыздың сегіз қырлы, бір сырлы мәні неде ?

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес –

дегендей адамның өлмейтін өмірі –

   ол рухани өмір. Ол кімді болсын адамгершілікке, жақсылыққа, әділеттілікке, өркениеттілікке, адамдыққа жетелейді. Осындай рухани өмірге ынтық болған ақын атамыздың сегіз қырлы, бір сырлы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Әрбір адам өз заманының, өз дәуірінің түлегі. Керекудің даласында, Ертіс өзенінің сағасында өмір есігін ашқан ақын Қимадиден атамыз жан-жақты адам болған екен.

   Қазақстанда тың және тыңайған жерді игеру жылдарында «Тыңдағы ту» атты дастан жазады. «Көк тулақ» атты өлеңі колхоздың сол кездердегі жалқау бригадиріне арналған сықақ өлең екен. Қимаш аға өзі шығарған «Анама», «Туған ел» атты өлеңдеріне өзі ән де шығарып, өз шығармасын  жұрт алдында орындап та жүрген. Қимадиден көлемі шағын лирикалық өлеңдерден соң, көлемі поэма жазуға ойысады. 1969 жылы «Алпыс батыр», бұдан соң 1975 жылы «Дала шұғыласы», 1982 жылы «Соқпақ жол», «Дархан дала» атты үш поэма, бір өлеңдер жинағын баспадан шығартады. Қимадиден Нығманов көзінің  тірісінде «Естай», «Мақыш», «Тыңдағы отау» секілді өлеңмен  жазған поэмаларын кітап етіп жарыққа шығара алмай кеткен. Ойы аспан, ел тарихында өшпес із қалдырған, қиыншылыққа қарамай қаламын қармап өткен ақын атамыз «Сел» поэмасында 60-70 жылдары Ақкөл-Жайылма өңірі, Жасылағаш елді-мекенінің Шідерті өзенінің ерте тасуы салдарынан көрген бейнетті күндері мен түндері–адамдардың табиғаттың алапат күшімен бетпе-бет арпалыстарын шынайы бейнелеген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған «Ақтоғай–Рухани жаңғыру» қоғамдық қоры мен ұрпақтарының  қолдауымен «Ақдидар» және «Өмір жаңалықтары» атты екі кітабы жарыққа шықты.

   Павлодар қаласындағы оныншы қазақ мектебінде оқып жүргенде бала Қимаш фото-өнер үйірмесіне қатысып, содан бастап аталмыш өнерге деген ықыласы ауған. Бұл бекзат өнерді өмір бойы серік еткен. Қимаш аға аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде фототілші болып қызмет етті», - дейді. Шынымен де Қимадиден атамыз аудандық және облыстық газеттерде ауылдағы шаруашылық тынысы мен еңбек адамдары жайлы фото-репортаждар жүргізген. Сонымен қатар Ақтоғай, Тереңкөл аудандарындағы, Ақкөл-Жайылма ауылындағы көптеген ақсақалдардың фото-шежіресін жасаған. Тіпті «Өлгендер қайтып келмейді» деген фото-альбом да құрастырған.

   Арғын Бәсентиін-Ақтілес руының шежіресін жинаған. Ол үшін Ақтоғай, Тереңкөл аудандары  аумағынан өтетін Ертіс өзені арнасының екі жағалауындағы ауылдарды түгелдей аралап, көнекөз қариялармен жүздесіп, әңгімелесіп, ұрпаққа өнегелі іс қалдырды. «Ақтілестің ауызекі шежіресі» атты толғау мен атақты адамдар туралы тарихи еңбектер жазды.

   Ел ішіндегі ақсақалдар мен өз әкесі Нығыманнан «Бөгембайдың жеті кенжесі», «Бақтияр» сынды бірнеше қысаларды, «Бақтыжардың қырық мисалы» түрік ертегісін, Жәлел Үмбетов ақсақалдан «Шаһмаран» сынды аңыз-әңгімені, «Жаһанша» деген ертегіні жазып алған. Біләл Кентаев, Қаппас Ибәділдәұлы, Дәрмен Бейсекейұлы, Дәулен Есіркепұлы, Шамұғыл Шүлембайұлы, Қапсалық Рахметоллаұлы, Серғазы Сәрсекұлы, Айлыбай Қойшыбаев, Әбіш Серғазыұлы, Иләл Жүсіпұлы, Сәбит Нұрпейісұлы сынды ел ақсақалдарынан Жақсыбай абыз Құттықадамұлының айтқан сөздері мен ол туралы әңгімелерді қойын дәптеріне түртіп алып, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына қолжазба күйінде тапсырған. Сол секілді атақты адамдардың дауысын магнитофонға жазып алған. 1939 жылы орта мектепте оқып жүргенде, төрт шумақтан тұратын «Өткір алмас» деген өлеңі облыстық «Қызыл ту» газетінде жарияланып, сол кезден бастап мерзімді баспасөз құралдарымен шығармашылық байланыста болған. «Қызыл ту»/»Сарыарқа самалы»/ газетінің қазіргі Ақтоғай бойынша меншікті тілшісі болған.

   Естай мен Қимаш ақынның әкесі Нығыман  замандас болған екен. Оны бірнеше рет көзі көрген. Тіпті әкесімен екеуінің өлеңмен сөз қағысуына да куә  болған. Естай туралы ең бірінші болып ел арасынан әңгімелер мен сөздерін жинап, «Естай» атты тарихи поэма жазған.

   Павлодар облысының намысын республикалық айтыстарда қорғаған. Жетпісінші жылдары алғаш рет ұйымдастырылған облыстық айтыста бірінші орын иеленген. Естай Беркімбаевтың туғанына 100 жыл, Иса Байзақовтың туғанына 70 жыл, Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойларына қатысып, республикалық айтыста Шығыс Қазақстан облысының ақын қызы Сара Тоқтарбайқызымен айтысып, екінші орынға ие болған. Абайдың бірінші Семей қаласында, кейін туған жерінде өткізілген 125 жылдығына қатысып қоймай, айтысқа түсіп, қайым айтыстың үлгісін көрсеткен. «Еңлік-Кебек», «Қалқаман- Мамыр», «Ермек батыр» сынды көптеген дастандар мен қысаларды жаттап, ел ішінде «жыршы бала» атанған.

   Бірнеше әндерге сөз жазғаны былай тұрсын, өз жанынан да ән шығарған. «Анама», «Терме», «Жаңа арман», «Бойжеткен», «Кең дала», «Ауылымды сағындым» секілді әндердің авторы.

  Әкесі шиыршық тастан ат диірмен жасаса, Қимадиден қорымдағы зираттарға құлпытастарды қолдан құйып, тастан қашап жасаған. Ақынның жары Дәметкен Үсенова өз қолымен 9 құлпытас жасағанын айтады және олар әлі бар. Құлпытастар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

   Соғыстан кейінгі жылдары  өзі туып-өскен Жаңабет ауылында электр монтеры болып еңбек етеді. Ең алғашқы болып ауылға моторлы электр шамын орнатқан. Қолжазбаларына терең үңілсек  ақын, жазушы, фотограф, шежіреші, фольклоршы, журналист,  Естайтанушы, айтыскер, жыршы, сазгер, майдангер, шебер, электр монтер екеніне көз жеткіземіз.

Батагөй Жақан ата

   Қазақ–батаға ерекше мән беріп, құрметпен қараған халық. Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», «Бата–тілектің анасы» деп бекер айтпаған аталарымыз. Бата беру халқымыздың ертеден жалғасып келе жатқан салт дәстүрінің бірі. Ұлтымыз батаны ерекше қастерлеген. Қазақ халқы өз тұрмыс салтында барлық игілікті ісін тек батамен бастаған. Жаңабет ауылында Жақан (Жақсылық) атаның бата бергенде «қырғауылдай қорғалап, бөденедей жорғалайтынын» бүгінгі ақсақалдар да тамсана айтады. 1905 жылы дүниеге келген Жақан ата майдан даласында жеңіс күнін жақындатқан үзеңгілес жолдастарымен бірге тізе қосып, сыз бен аптапта қолынан қаруын тастамаған. Соғыстан оралғаннан кейін туған жерінде еңбектің талай сатысынан өтіп, қызық пен қатерлі уақыттарды бастан кешірген. Дене бітімі шымыр, жүріс-тұрысы да ширақ кісі болған деседі ауылдастар. Ғибрат етерлік сөзі бар, ұстамды қара шешен, суырып салма ақындығы бар кісі бопты. Оның шығармалары осы ауылдан асып, өкініштісі шетте айтылып жазылмай келеді. Колхозды ауылдың дер кезінде кәдесіне асқан сатиралық өлеңдерін әрбір жерлестері есіткен екен.

   Қазақ дәстүріне  тойдың  соңында бата тілеу деген болады. Жақан атаға бірде ауылда той иесі қол жайып ниет білдіреді. Талайда ескіден қалған жақсы ниетті сөздерді салауаттай шұбыртатын жақсы бата берілер деп ел қол жайып тосып отырады. Бұл жолы Жақан ата  ұшқырлығына басып:

Қарағым, ұзақ болсын өмір жасың,

Мейманға таусылмасын берсең асың.

Бірі кетсе, біреуі келіп жатсын,

Қат-қабат құдандалы қарындасың.

***

Қызықтап қабыл болсын берген тойың,

Бұралып тал шыбықтай өссін бойың.

Кез  болып кең маңдайлы адал жанға,

Үйленіп, үйің топыр болсын ойын.

***

Өзіңмен бірдей өссін қыз бен ұлың,

Тілеген ата-анаңа ерсін құлын.

Сабырдың сақтайтұғын сандығы бол,

Кәсібің адал еңбек өнер-ғылым.

***

Еліңде мәңгі жаса бейбітшілік,

Еркін өс, молшылық  пен ойнап күліп.

Бірі боп қажымайтын қайраткердің,

Даңқыңды талай асу жатсын біліп.

***

Терең бол жаңалыққа, ойға зерек,

Басыңнан шыға берсін елге керек.

Бақ болсын қайырлы қонған тұғырыңда,

Дос-дұшпан тұратындай бірдей елеп, -

   деп шұбыртқан жаңа бір бата айтып жіберді. Жақан атаның  осындай керек жерінде өзі шығарып айтатын  баталары ел ішінде әлі бар. 

Бата берудің дәстүрлі үлгілерінде:

Әуелі Алла оңдасын,

Оң жағыңнан қолдасын, деп басталады.  Мұнда Алланы тану мен пайғамбарларға сену, Алладан рахым мен шапағат тілеу басым боп келеді.

Әуелі Аллам оңдасын,

Әулилер қолдасын.

Малың менен басында,

Еш жамандық болмасын.

Несібең тасып күн сайын,

Өзегің де талмасын.

Жаратқан Ием жар болып,

Пендеге күніңді салмасын.

Жаратушы құдірет,

Жарылқауды қамын ет.

Тар жол тайғақ кешуе,

Жәрдемдесіп алып өт.

Әумин! –деген атамыздың батасы  сүйсінген  ауылдастар  «Жақанның батас

деп айтып та жүргеніне көзіміз куә.

 Қолы алтын шебер-Жақан ұста

   «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп төбесіне тұтып қадірлеген. Жаңабет аулында  темірдің тілін тапқан ұста, сөзбен сарай соққан батагөй Жақан Әбшайықұлы өткен. Ел іші Жақан атаны киелі адамға теңейтін сыры тереңде жатыр екен. 1941  жылы ел азаматтарымен әскерге аттанған ұста ата елге оралғаннан кейін өзінің көрік үйінде елдің керек-жарағы үшін темірден түрлі заттар соғып, шаруасын дөңгелеткен.

Ел ішінде Жүсіп баласы Иләл болыстың: 

Ойшыл ұста Жақаным,

Көмекшісі Тоқаным.

Тетікті диірмен орнатып,

Жайылды елге лақабың, - деген өлең шумағы да бар. 

   Бір қызығы оның шеберлікке, ұсталыққа деген қыры бала жасынан танылған. Яғни көзі көрген сол кездегі шөп машиналарын ағаштан жасап, оған темірден қияқ орнатып, оны балаларға жегіп шөп қиып ойнайды екен. Осы құштарлық оны өсейе келе қолөнерші болып шығуға бастама болған секілді. 16 жастан бастап шаруаға араласып, ел адамдарымен бірге тізе қосып еңбектенді. Атамыз қаңылтыр жинап, одан түрлі зерлі ыдыстар жасай бастады, елдің қираған ыдыс-аяқ, қазандарын жамап пайда тапты. Мұз үстінде балық кәсібінің мехнатында жүрген әкесіне жәрдем етті. Қолөнердің қыр-сырын меңгере келе Жақан ата мыстан, жезден сақина, жүзік соғып, өрнек сала бастайды.

   Жақан ата туралы ауылдың қариясы  шебер Қайыр Әлімжанов «Жақан атаның ұсталығында мен жас күнімде балғашы болып жұмыс істедім. Ол кісінің қашанда жұмыс қолғабының алақаны болмайтын. Яғни ойылып, жыртылып қалатынды. Күні бойы темір соғады ғой, сол темір жеп қоятын көрінеді»-деп еске алды. Шешем Әлимәға келіп: «Жақан ағамның биалайының алақаны жоқ, сонымен қоймай темірды сығымдап ұстап соғады»,-дейтінмін. Шешем болса терең күрсініп: «Менің көзім жоғалса, сенде сөйтерсің»,-деп айқаны шындық екен. Мен Жақан атадан қолөнерге қатысты көп сабақ алдым және ол менің болашақ өміріме өнеге болды дейді ауылымыздың көненің көзін білетін шебер атамыз.

   Ел Жақан атаны ағайынды өзіне қаратқан абыз,қолы алтын шебер еді –ау деп еске алып отыратыны осы екен ғой.

«Диуана» аттанған атамыз Ахмет

   Жаңабет ауылында көп адамның бойына берілмеген қасиеттер дарыған тұлғалар өткен. Солардың бірі-ата дінге берік, емшілігімен есімі елге танылған Ахмет Нұржанұлы. Ахмет ата 1882 жылы қазіргі Ақтоғай ауданына қарасты Жаңабет ауылындағы Қотантерек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы өмірден өткен.

   Адам бойындағы қасиетке шек жоқ. Сондай шипагерлік иесінің бірі-«Диуана» Ахмет. Диуана Ахметтің қолының шипасы мықты еді. Қаншама адамды құлан-таза айықтырып, бойларынан кеселді қуды. Ол кісі көктем мезгілі туып, көлдер мен өзендердегі мұз еріген, оның үстіне қар суы қосылып ернеуінен шығатын уақытта сақинасы ұстап, ақылынан ауытқитын адамдарды емдейтін. Ахмет атамыздың атына диуана сөзі бекерден бекер жалғанып айтылмағанын түсіну қиын болмас. Оның ерекше қасиет иесі болғандығының дәлелі бұл. Соғыс жылдары Жаңабет елінде  ер адамдар аз қалды, қолының қауқары бар және жасы жеткендердің барлығы майданға алынды. Тылда азық дайындау, шаруашылықты жұмысына балалар тартылды. Дуана Ахмет атамыз да колхоздың сиырын бағып, мал күзетінде тұрған. Ол кісі Зеңгі баба дұғасын білген. Ауыл адамдары  сөзіне қарағанда, адам малды соңынан қуып айдайды, ал Ахмет ата табын малдың алдынан жүріп отырады екен. Сиырлар болса соңынан ешкім қумай өзі еріп отыратын көрінеді. Және ешбірі еш жаққа шашырап қашпай, бір соқпаққа тізілген қаздай бірінің соңынан екіншісі еріп, айтқанына бағынады. Сол секілді науқас адамдарды емдеген уақытта қазанды пештің үстіне қойып қып-қызыл болғанша қыздырып, соның үстіне жалаңаяқ тұрып зікір салады екен. Мұндай қасиетті меңгерген адамды қалайша ерекше құбылыс деп айтпасқа.   

   Ахмет ата қолынан аса таяғын тастамай қашанда жаяу жүреді екен. Бір таңқаларлығы, жаяу жүргенде атқа жеткізбейтін көрінеді. Бірде ақ киім киген, жалаңаяқ атамыз таңертең зират басына бара жатады. Қасынан бір топ адам аттылы арбамен ағып өтеті, тоқтап хал-жағдай сұрамайды. Сол беттерімен зират басына барғанда оларды диуана ата қарсы алады. Өз көздеріне өздері сенбеген олар иіліп кешірім сұраған екен деседі ауылдың көнекөз қариялары. Диуана Ахмет туралы біз білмейтін әңгімелер ел ішінде сақталғанына сөз жоқ. Бұл кісінің қасиеті баласы Сауытқа қонған деседі. Бірақ ол кісі жүрексініп ұстанбаған көрінеді. Сауыт ата Жаңабет елінің моладасы болып, сауапты істер жасаған.

    Тән мен жан бір. Осы бірлікті біз тіршілік дейміз. Тірі адамның жанын тәнінен немесе тәнін жанынан қалай бөліп алмақсың, ол болмайтын іс. Елге есімі белгілі болған Диуана Ахмет ерекше жан боп ел есінде қала бермек.

Мектеп тарихы сыр шертеді

   Мектебіміз–барлығымыздың мақтанышымыз. Алты-ақ әріптен құралған бұл сөздің құдіреттілігі де сонда жатқан болар. Жаңабет ауылында 1929 жылы колхоз басшылығы мен ауылдың беделді ақсақалдары ақылдаса келіп, үйі кеңдеу, халық арасында «Дуана Ахмет» деген атпен мәлім болған, емші Нұржанның Ахметің үйінің бір бөлмесінде алғашқы Кеңес мектебін ашады. Алғашқы ашылған мектепті ресми түрде бірінші сатылы екі жылдық мектеп деп атаған. Жеті мен он төрт жас аралығындағы ауыл балаларын оқыту Жұмабай Санаұлы, Шәріпзада Төремұратұлы деген оқыған, білімді азаматтарға тапсырылады.

   1930 жылдары қазақ тілінде оқытуды араб әліпбиінен латын алфавитіне ауыстыру басталды. 14 тамыздағы «Жалпыға бірдей бастауыш білім беру туралы» заңға сәйкес және 1931 жылы 5-қыркүйектегі «Бастауыш мектеп жайлы» қаулыларды негізге алып, еліміздің ауылды жерлерін 4-сыныпты, жұмысты поселкелерінде 7 жылдық мектептер құрыла бастайды. «Жаңабет» колхозында кейін «Ақмектеп» деп аталып кеткен арнайы мектеп салынып, 4-жылдық мектепке айналады. Мектепте бастапқыда ер балалар оқыса, енді қыз балаларды оқытып, білім беру мүмкіндігі ашылды. 1940 жылы «Жаңабет» мектебінде қазақ тіліндегі және аударма оқулықтарды  алып, білім берумен тәрбие ісінің сапасы мен мазмұнын арттыруға жағдай жасалды.

   1953 жылы осы мектепте табан аудармастан ұстаз болып 41 жыл еңбек еткен, мектептің түлегі Қайыр Намазбаев ақсақалдың айтуы бойынша, оқу-тәрбие процесі бір сәтке де толастамайды. 1948-1949 жылдары «Жаңабет» колхозы бұрыңғы қонысы Ескі ауылдан қазіргі мекеніне орын ауыстырады. Қазақ ССР-нің «Жалпыға бірдей міндетті Жеті жылдық білім беру» заңына сәйкес, осы ауылда жаңа мектеп үйі салынды. Бұл мектепте Жаңабет, Жаңатап елді мекендерінен 70-80 оқушы білім алады. Осы жылдары мектепте Оспанов Қабыш, Оспанова Шамшия, Қайыркенов Дөдеш, Мұхамедиянова Зубайра сияқты ұстаздармен қоса, майдангер, білімді ауыл азаматтары Жағыпаров Өзіхан, Құрманғазин Өсербай және басқалары дәріс берді. Мектеп жеті жылдық болып құрылған соң, 50-жылдардың басында директор болып Дәйкен Абдығалықов тағайындалады. 1954 жылы директор болып Тайтақов Зұлпаш Біләлұлы істеп, келесі жылы Оспанов Жәнібек деген азамат басшылық етеді. 1956-1962 жылдары Әбдірахманов Жолболды деген азамат басшылықта қызмет етеді. 1962-1964 жылдары Рамазанов Хамза деген азамат басқарады. 1964 жылы Нұрмағамбетов Сартай Ысқақұлы директорлыққа келіп, 18 жыл бойы мектеп басқарды. Қазіргі мектеп ғимаратын салғызған басшы 1982 жылы зейнеткерлікке шыққан соң, 1982 жылы мектеп басқаруды Сәбитова Раушан Каримовнаға тапсырады. Раушан Каримовна 1994 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарады. Дәл сол жылы Қаратаев Қасым мектеп директоры болып тағайындалып, 16 жыл талмай қызмет етеді. 2010 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Ғалымбек Қазбекұлы басшылық етуде. Мектепте 2013 жылы «Балдырған» шағын орталығы ашылды. 2018 жылы мектепке қосымша ғимарат салынды. 2019 жылы спорт зал салынды.

   2017 оқу жылынан бастап мектебіміз үш тілде оқыту бойынша республикаға өткен пилоттық мектептердің бірі болды. Біздің мектебіміз  балаларды  жан-жақты дамыту мақсатында «Домбыра», «Шахмат», «Асық», «Қазақ күресі» үйірмелері мен волейбол, баскетбол, теннис, тоғызқұмалақ, қозғалмалы ойындар, жас мерген, футбол спорттық секциялары жұмыс жасап келеді.

   Елбасының «Өткенімізді білмей, бола­шақ­ты болжау қиын» деген сөзіне назар аудара отырып, мектептің ертеден келе жатқан тарихына үңілгенде түрлі уақыт керуеніне сыр шертіп әкелді.

Мектеп мұражайы - мектептің айнасы

   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Мектебімізде 2019 жылы Қимадиден Нығыманов атындағы мұражай ашылды. 1992 жылы  мектепке есімі берілген Қимадиден атамыздың өмір деректері мен жазбалар мен фотосуреттер арқылы көркемдікпен берілген. Ақын атамыздың көзі тірі кезінде қолданған заттары, домбырасы, құнды бөркі, шапаны, жазу машинкасы, қолжазбалары сақталған.

   Ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин айтқандай «мектептің жүрегі» болып шәкірттерінің жадында мәңгіге қалған, көпшілігі о дүниелік болған, біразы зейнеткерлік демалысына шығып арамызда бай-қуатты өмір сүріп жатқан, ұзақ жылдар осы мектепте еңбек еткен жүздеген ұстаздар қауымына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып...» атты мұражайдағы орын  кім-кімге де ыстық көрінеді. Мұражайдың заттық, жазба жәдігерлер сөрелерінде мектебімізде еңбек еткен ұстаздардың жеке заттары, төсбелгілері, білімі туралы дипломдары, еңбек кітапшалары, түрлі мадақтамалары, алғыс хаттары, шығармашылық және дипломдық жұмыстары, жазысқан хаттары, мектепке берілген мадақтамалар, мектеп тарихын баяндайтын мұрағат құжаттарының көшірмелері т.б. заттық жәдігерлер қойылған.

   Сонымен қатар мектеп мұражайын мектебіміздің төлқұжаты, қасбеті десек те болады. Мектепке келген кез-келген қонақтар, ауыл тұрғындары мектеппен танысуды мұражайдан бастайтыны мәлім. Белгілі бір жүйелілікпен, бірізділікпен, эстетикалық көркемдікпен, әсем дизайнмен жасақталған мұражай мектеп туралы жағымды көңіл-күй сыйлайтыны анық. Сондықтан да мектеп тарихы мұражайы - мектептің айнасы.

Адуов Мүбарак

   ҚР АСХН академигі, білім берудің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының техника ғылымдарының докторы, "Аграрлық техника және технологиялар" кафедрасының профессоры

   1950 жылы Жаңабет ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Мүбарак Адуович Целиноград ауыл шаруашылығы институтына, ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне аяқ басты, Ауыл шаруашылығы өндірісінің инженер-механигі және бөлу бойынша Павлодар облысы, Шідерті совхозына жұмысқа жіберілді, онда 1976 жылдың соңына дейін инженер-бақылаушы болып жұмыс істеді.

   1977 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да жұмыс істейді. М.А.Адуов университеттегі еңбек жолын ассистент, содан кейін аға оқытушы, доцент болып бастады.Кафедра меңгерушісі және қазіргі уақытта "Аграрлық техника және технология" кафедрасының профессоры.

   1987 жылы Челябі Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтында техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады және 1993 жылы оған доцент ғылыми атағы берілді.

   Көпжылдық ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша М. А. Адуов 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде докторлық диссертация қорғап, 2009 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді.

   Мубарак Адуович 1978 жылдан бері дәнді дақылдарды егуді механикаландыру және минералды тыңайтқыштарды енгізу мәселелерімен айналысады. Егу аппараттарының, ашқыштардың, минералды тыңайтқыштарды енгізуге арналған жұмыс органының, минералды тыңайтқыштар мен аралас сепкіштерді енгізуге арналған машиналардың конструкцияларын әзірлеу жөніндегі ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша, олардың жұмысының параметрлері мен режимдері теориялық және эксперименттік тұрғыдан негізделген, авторлық куәліктер мен алдын ала патенттер алынды. Бүгінгі таңда ол 2 монография, 2 оқулық және 8 оқу құралының авторы. Оның 190-нан астам басылымы бар, оның ішінде Web of Ѕсіепѕе және Scopus базаларына кіретін халықаралық басылымдар бар. Қазақстан Республикасының өнертабысқа арналған 5 авторлық куәлігі, 2 патенті және 30-дан астам инновациялық патенті бар. Болгария, Түркия, Германия, Австриядағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда ғылыми нәтижелердің қорытындысы бойынша баяндама жасады. М.А. Адуовтың басшылығымен 3 техника ғылымдарының кандидаты, 1 PhD докторы, 15 магистрант және 200-ден астам бакалавр мен маман дайындалды, қазіргі уақытта 3 докторанттың жетекшісі болып табылады.

Бейбіт Бөжен

   Бейбіт Бөжен–кезінде Ақтоғай даласын өлеңмен өрнектеп, Ертістің Керекеу өңірін айтыспен дүбірлеткен Қимадиден Нығмановтың туған жиені. 1982 жылы 18 наурызда Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Жаңабет ауылында дүниеге келген. Жаңабет ауылындағы Қ.Нығманов атындағы орта мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы №3 гимназия–интернатын тәмамдаған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиет,шет тілі мамандығы бойынша бітірген.

   «Жігіттің жақсы болмағы–нағашыдан» демекші, Бейбіт өмірде де ,өнерде де ақын нағашысын үлгі етіп, оның жақсы қасиеттерін бойына жинақтады.Сөйтіп, ақын, журналист, өлкетанушы болып қалыптасқан ол туған жері мен туған елінің болмыс–бітімін өлеңмен айшықтады, дүбірлі айтыстардан үкілі домбыра ұстап өнерсүйер қауымның алдына шықты, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көкейкесті мәселелерді көтерді, өлкенің тарихы мен шежіресін хатқа түсірді. Айтыскер, жазба ақын ретінде алдыңғы қатарда жүр: республикалық «Аламан айтыс» жобасында аймақ намысын абыройымен қорғап, үздік сегіз ақынның сапына енді, республикалық,облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері атанды. Өлең – жазбалары бірқатар республикалық, облыстық жинақтарға енген, мерзімді баспасөз беттері мен әдеби–көркем журналдарда басылған. Аудандық, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері.

   Бейбіт Бөженнің ақындық ерекшелігі өлеңдері сыршыл, эпикалық, сатиралық үлгіде жазылған. Саяси, азаматтық лирикаларынан азаматтық ұстанымы байқалады.

   Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде, «Ирбис» телеарнасында журналист,«Айқын»  Республикалық қоғамдық–саяси газетінің Павлодардағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен. Қазіргі таңда «ҚазТран Ойл » АҚ Шығыс филиалында жұршылықпен байланыс жөніндегі бас маман болып қызмет етеді.

   Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, Павлодар облысының 65 жылдығы мерейтойлық медалімен, Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін медалімен, Павлодар ауданының 85 жылдыңы мерейтойлық медалімен марапатталған. Павлодар облысы әкімінің грантының игері.

Апамның құрты

Қайран апам  қарсы жүріп дауылға,

Таңмен бірге тұрушы еді сауынға.

Тезек теріп, шапақ соғып жүретін,

Ала жаздай іркіт жинап ауылда.

***

Шалы тұрмай шайындағы ішпейтін,

Жалғыз бір үй шаруасын істейтін.

Қара қойдың қара қиын қор қылып,

Ошағынан қара қазан түспейтін.

***

Ыңылдап – ақ айтып жүріп термесін,

Алып көрген адам елден сын.

Кірісетін құрт қайнату қамына,

Сиырларын қыр асырып келгесін.

***

Құрт қайнатып ала көңіл көрігін,

Дастарханның татпай кәмпит, өрігін.

Қуанушы ек тойға бара жатқандай,

Қара құрттың жалаймыз деп көбігін.

***

Мәзір ме бұл,жеткен елге көнеден,

Мүмкін апам қасиетті, көрген,

Баққа түскен адамдай боп қалушы ек,

Құртын ұрлап жеген сайын өреден.

***

Сусағанға малта құрты дем берер,

Асқазанын жүруші еді емдеп ел.

Жеріктерін басу үшін сұрайтын,

Бойларына бала біткен жеңгейлер.

***

Кемпірлер де шәймен дәмін тататын,

Құмарлана қызығына бататын.

Құрсағына құт бітпеген көп әйел,

Сол құртты жеп, бала сүйіп жататын.

   Мүбарак Адуұлының белсенді ғылыми-педагогикалық қызметі бірнеше рет атақтар мен наградалармен марапатталды. Оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" (2017 ж.), "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері" (2005 ж.), "Университеттің құрметті қызметкері" (2014 ж.) атақтары берілді, "Ерен еңбегі үшін" медалімен (2012 ж.), министрдің Құрмет грамотасымен марапатталды ҚР АШМ "100 жыл" медальдарымен профессор Гендельман м. а. дүниеге келген күннен бастап","Профессор Қадыров Нұрғали Тасылұлының туғанына 100 жыл". 2006 және 2010 жылдары ол екі рет ҚР БҒМ "ЖОО үздік оқытушысы"грантының иегері болды.

Маңызды ақпарат

© 2006—2021 Павлодар облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ақтоғай ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Барлық құқықтар сақталған