Оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін облыстық «Кешкі кітапхана» жобасы аясында Ақтоғай орталық кітапханасы еркін әдеби шығармашылықты дамыту, ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау, әдебиет саласында шығармашылықпен айналысып жүрген жастар мен оқушылар және қарапайым оқырмандарға арналған кең ауқымды аудиторияны қамтитын жаңа жобаның алғашқы кездесуі бастау алды. Бұл аудан тұрғындарының кітапхана қорын пайдалануына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне негізделіп жасалған. Осы мақсатты негізге ала отыра, Ақтоғай орталық кітапханасында «Бізді кітап біріктіреді» атты библиокештің тұсаукесері өтті. Іс-шараға аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Н. Мұқитов, мекеме басшылары, аудан жастары мен Абай ом. жоғары сынып оқушылары қатысты. Шара барысында «Кешкі кітапхана» жобасының мақсаты түсіндіріліп, кітап көрмелеріне шолу жасалып, Библиокафеге шақырылып, ас мәзіріне көптеген қызықты кітаптар ұсынылды.
Ендігі уақытта әр апта сайын бір рет кітапхана есігі кешкі уақытта ашылады. Сағат 18:00-ден бастап ауданымыздың креативті, жігерлі, білімді, жастары және жай ғана мейірімді тұрғындары үшін кітапхана аумақтары ұсынылатын болады. Кітапхана кеші бейресми жағдайда өтіп, ауданымыздың қызықты, жан-жақты адамдарымен кездесу мақсатында барлық тілек білдірушілерді жинайды.