https://youtu.be/--wvACdAshg
Ақтоғай ауданының мәдени және әдеби ескерткіштерін, атақты жерлестердің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, тарихы бай, топырағы киелі өңірдің географиялық ерекшелігін айшықтай отыра, өңірімізде өсіп-өнген бойына қасиет қонған дарынды тұлғаларды көпке насихаттау мақсатында Облыстық С.Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында Ақтоғай ауданының 85 жылдығына орай Ақтоғай орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ата-бабалар жолымен» атты өлкетану жобасының тұсаукесері өтті.
Жобаның тұсаукесеріне Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Мәдениет және өнер бөлімі басшысы Ә.М.Аксакова, зиялы қауым, Ақтоғай ауданының жерлестері өлкетанушылар: Ж.Сманов, Б.Бөжен, Е.С.Жұматов, сонымен қатар, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматтары, кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шара барысында «Ұмытылмас ұлы жерлер», «Ғибратты ғұмыр», «Өнегелі ғұмыр», «Аштық жылдарының қасіретті іздері», «Қасиетті Бекбау ата», «Ақыны ақ Ертістің-Қимаш ақын» атты тақырыптар бойынша әңгімленіп, Ақтоғайдың киелі жерлеріне арналған бейнебаян көрсетілді.
Белгілі әнші, ақын, композитор Естай Беркімбаевтың, қасиетті Бекбау атаның, белгілі ақын Қимадиден Нығмановтың мұражайына, кесенелеріне саяхат жасалып, тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайында кеңірек ақпарат берілді.
Сонымен қатар семинарды Мәдениет және тілдерді дамыту архив ісі басқармасының өкілдері мен Ақтоғай ауданының ардақты ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді.